417,02 504.70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жоғарғы білім берудегі мемлекеттік грант құны үш есеге көбейді

  • 403
  • UPD: 21:50, 05.06.2020

Биыл еліміздегі жоғарғы оқу орындарында жұмыс істейтін оқытушылардың жалақысы артады. Сондай-ақ университеттердің материалдық-техникалық базасы жаңарып, білім сапасы көтеріледі. Мұның бәрі мемлекеттік грант құнының өсуі есебінен жүргізіледі.

Еліміздің он жоғарғы оқу орны әлемнің үздік 500 университетінің қатарына қосылуы тиіс. Бұл межеге 2025 жылға дейін жетуіміз қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Білім министрлігіне осындай тапсырма берді. Сондай-ақ мақсатқа жету үшін білім мен ғылым саласына қаржылай қолдауды арттырды. Соңғы он жылдан бері өзгермеген білім грантының құнын бірден үш есеге көбейтті. Яғни бұған дейін бір студентті оқытқаны үшін мемлекет жоғарғы оқу орнына 340 – 420 мың теңге арасында төлесе, енді 1 миллион теңге береді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Жоғарғы білім бойынша мемлекет тапсырысы жылдан жылға артып келеді. Соңғы төрт жылда 1,3 есеге көбейді. Биыл 53 мың студентке мемлекеттік грант бөлінді. Ал осы грант құнының өсуі оқытушылардың еңбекақысын арттыруға ықпал етуі тиіс. Кей оқу орындарында олардың еңбекақысы 70-80 мың теңге. Бұл мардымсыз. Соңғы жылы кей жерде 70%, кей жерде 50%, 20% еңбекақы өсті. Бірақ мемлекеттік тапсырыс құны көтерілген соң, әлі де ЖОО профессорлық-оқытушылық құрамының жалақысын арттыруға мүмкіндік бар. 

Бір сөзбен айтқанда, грант құнының өсуі білім сапасын көтереді. Оқытушылар осындай пікірде. Яғни сол қаржының көмегімен университеттердің материалдық-техникалық базасы күшейіп, зертханалар заманауи құрылғылармен жабдықталады. Студенттердің де оқытушылардың да шет елдерге шығып тәжірибе жинауына мүмкіндік артады. 

Айнұр Жумадиллаева, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ факультет деканының орынбасары:

- Дәл қазіргі уақытта ең үлкен мәселе болып отырған жағдай университетте оқытушылардың жұмыс істеуге ықыласының жоқтығы. Себебі айлықтың төмен болуы. Оқытушылардың жалақысын арттыру білікті мамандарымыздың осында жұмыс істеуіне көп ықпалын тигізеді. Шетелдік университеттерге көптеген ғылыми тағылымдамамен біздің студенттер, магистранттар, оқытушылар барып жатады. Ол жақпен салыстырғанда олардың кітапханалары өте бай. 24 сағат білім алуға жағдай жасалған. Кітапхана қорының біздің қалалық үлкен кітапханалармен бірдеу. Материалдық техникалық базасын салыстыруға келмейді. Себебі оның бәріне грант құнының төмен беріліп жатқанына келіп соғады. 

Сондай-ақ биыл педагог мамандығында оқитын студенттердің степендиясы өседі. Сәйкесінше бәскелестік артады. Мамандыққа түсуге қажетті шекті балл 60 тан 70-ке жоғарылайды. 

Айгүл Жұмабекова, ҚР БҒМ Жоғарғы және жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім департаментінің басқарма басшысы:

- Педагогикалық мамандыққа түсетін және оқып жатқан студенттерге биыл степендия 26 мыңнан 42 мыңға дейін көбейеді. Бұл степендияны 35 мыңнан астам студент алады. Докторанттар 102 мыңнан 150 мыңға дейін өседі. Бұл степендияны 6 мыңнан астам докторанттар алады. 

Бүгінде Қазақстанда 131 университет жұмыс істейді. Оның 100-ге жуығы мемлекеттік грант бойынша маман дайындайды. Алайда алдағы уақытта бақылау күшейіп, стандартқа сай келмейтін жоғарғы оқу орындары жабылады. Осылайша отандық білім мен ғылым жаһандық бәсекеге қабілетті болуға ұмтылмақ. 

Авторлары: Талғатбек Әбді-қожа, Ерлан Наурызбаев, Марат Диқанбаев

Хабар 24 телеарнасы