426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҰБТ 2020: 20 оқушы тестілеуге жіберілген жоқ

  • 595
  • UPD: 11:58, 21.06.2020

Бүгін республика бойынша белгіленген 161 пункттің 51-і жұмыс істеді.

Он бір жыл бойы жинаған білім нәтижесін тексеретін кез келді. Рас, мұнымен өмір шектелмейді. Дегенмен мектеп партасынан жоғарғы оқу орнының аудиториясына ауысқысы келетіндер Ұлттық бірыңғай тестілеу арқылы арманына қола жеткізе алады. Көзде қорқыныш, көңілде үрей бары байқалады. Олар биылғы оқу жылында болған өзгерістер өздеріне көп әсер еткенін айтады. Тестілеу орнына алып келуге әкімдік арнайы автобустар ұйымдастырған. Дегенмен балаларын маңызы зор емтиханға өздері алып келген ата-аналар да кездесті. Карантин кезінде барынша дайындалдық. Дегенмен қашықтан оқудың өзіндік қиындығы бар деседі түлектер.

Биылғы тестілеудегі ерекшелік әр оқушыға калькулятор қолдануға рұқсат бар. Тек олар оны өздерімен алып кіре алмайды. Аудитория ішінде қажет еткен түлекке беріледі екен. Пандемия кезі ғой. Дене қызуы көтеріліп тұрған бір оқушыны Нұр-Сұлтан қаласында емтиханға жіберген жоқ. Мұндай жағдайға душар болған түлектер 15 шілдеге дейін тест тапсыруға мүмкіндіктері бар екенін де білдік. Және індет жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болды деген 3 оқушы әзірге тестілеуге жіберілмеді. Олар денсаулығын әбден тексергеннен кейін, яғни ПТР-ден өткен соң емтиханға кіреді. Сондай-ақ Шымкент қаласында өзімен телефон алып өткісі келген 20 оқушы тестілеуге жіберілмеді.

Оқушылар емтиханда 4 сағат отырады. Ата-аналар тестілеуді онлайн қарауға мүмкіндік алған. Арнайы сайтқа кіріп, әркім өз баласын бақылап отуға болады. Сондай-ақ оқушылар аудитория ішінде әлеуметтік ара қашықтықты сақтауға міндетті. Бір бөлмеде 18-20-ғана түлек отыра алады. Білім министрі Асхат Аймағамбетов биыл оқушылар жоғары көрсеткіш көрсетеді деп үміт күтетінін айтты.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы