431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада 42000 оқушы кезекші сыныпқа барады

  • 390
  • UPD: 17:32, 31.08.2020
Елордада 42000 оқушы кезекші сыныпқа барады

Елорданың 13 мыңнан астам мұғалімі қашықтан оқытуға дайын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар арнайы курстан өткен. Бастауыш сынып оқушыларының көбі кезекші сыныпқа барады. Мектептер санитарлық талапқа сай кабинеттерді дайындап жатыр.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

- Министрді күткен мектепте кәдімгідей қарбалас. Жүретін жолын сан мәрте сүртіп, барынша тазалап жатыр. Бас педагог дезинфекциялық тоннельден өтіп, дене қызуын өлшетіп, қолын антисептикпен жуып кірді. Алдымен кезекші топ оқитын сыныпты көрді.

73 мектеп-лицейде 2500 оқушы білім алады. Бастауыштың 840 оқушысы кезекші сыныпта оқитын болды. Биыл бірінші сыныпқа 270 бала қабылданса, оның тек жиырмасы қашықтан оқымақ. 58 кезекші сынып болады. Яғни, 125 мұғалімнің 58-і кезекші сыныпқа сабақ береді. Санитарлық талап бойынша жасы ұлғайған ұстаздар тек қашықтан жұмыс істейді. Мектеп басшысы «оқу жылына дайынбыз» дейді. Алайда, қиындықтардың болатынын біледі.

Құралай Байтәжікова, мектеп директоры:

Теория жүзінде бәрі дайын. Бірақ практика жүзінде уақыт көрсетеді. Ертең көрсетеді. Бірақ барлық тәуекелді есептеп, мүмкін болатын қиындықтарға дайындап жатырмыз. Сондықтан дайынбыз деп есептеймін. Кабинеттер кезекші сыныптарға лайықтап жасалды. Санитарлық нормаларды орындайтын мүмкіндік жасадық.

Онлайн дәріс беретін мұғалімдер жаз бойы түрлі курстан өткен. Мектеп 35 оқушыға компьютер берген. Мұқтаж отбасыларға тағы таратпақшы. Қаладағы бірнеше мектепті аралаған министрдің дайындық жұмыстарына көңілі толған сияқты. Айтуынша, санитарлық талап өз алдына, мұғалімдердің талап-тілегін тыңдау үшін шығыпты.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Бұл енді тосыннан болған жағдай ғой. Төртінші тоқсанда біз үшін, біздің әріптестер үшін өте бір қиын жағдай болды. Бірақ жаз уақытында үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді. Өздеріңіз көріп отырсыздар. Баланың бойына дейін, мысалы санитайзерді баланың бойымен, үлкен адамдікіндей деңгейде қоймау деген сияқты. Баланы отырғызу, балаларға әртүрлі уақытта сабақтың басталуы, балалардың арақашықтықты сақтауы, оның бәрін біздің әріптестер жақсы меңгеріп, балаларға, ата-аналарға жеткізіп, осындай үлкен жұмыс жүргізіп жатыр.

Мұғалімдерді алаңдатып отырған сауалдың бірі – үстемақы мәселесі. Министр ұстаздардың жалақысы сағатпен есептелетінін айтады. Яғни, бір сыныпты екі топқа бөліп оқытатын мұғалім, сәйкесінше, артық сағатына төлем алады. Жалпы елордада 42 мың оқушы кезекші сыныпта оқиды деп жоспарланған. Қашықтан білім алатын 700-ге жуық жетім бала, 4 мыңнан астам ерекше қажеттілігі бар оқушы мен көп балалы отбасынан 16 287 бала компьютермен қамтылған. Дегенмен, әлі де қажеттілік бар. Мұғалімдердің өзіне жетпей жатыр. Сондықтан қыркүйек айында 5400 компьютер алынбақ.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы