420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейде оқитын қазақстандық студенттер онлайн білім сапасына шағымданды

  • 103
  • UPD: 20:46, 08.09.2020

Қазақстандық студенттер Ресейге бара алмай отыр. Пандемияға байланысты көрші елдің шекарасы уақытша жабық. Қазір тек жақын туыстарға ғана өтуге рұқсат.

«Жоғарғы оқу орындарында қашықтан оқу ұйымдастырылмаған» дейді олар. Кейбір ата–аналар алдын ала жалдап қойған пәтерге ақша төлеп шығынға батқан. 

Петропавлдық Валерия Михейкина Новосибирск мемлекеттік университетінде жоғары білім алады. Биыл пандемияға байланысты оқуға бара алмады. Шекара жабық. «Онлайн оқу да оңып тұрған жоқ» дейді ол. 

Валерия Михейкина, Новосибирск мемлекеттік университетінің студенті:

- Бізге барлық жоғарғы оқу орындары дайын деді. Қашықтан оқуға өтініш бердік. Бірақ бір де бір дәріс өтпеді. Мұғалімдер сұрап та жатқан жоқ. 

Виктория Михейкина, қала тұрғыны:

- Жалдап қойған пәтерге екі адам болып, айына 18 мың рубль төлейміз. Бірақ тұрмаймыз. Онда жеке заттарымыз жатыр. Қызым оқудан қалды. 

Бұл жерге Ресейдің Мәскеу, Екатеринбург, Тюмень, Омбы, Новосибирск қалаларында оқитын студенттер жиналды. «Онлайн оқу деген аты ғана» дейді бәрі. Мәдина Бозбалаева Петропавлға шілде айында келіп қалып қойған. 

Мәдина Бозбалаева, Тюмень медициналық университетінің студенті:

- Мен Тюмень мемлекеттік медициналық университетінде оқимын. Қазір 5-курсқа көштім. Осы пандемия уақытында біз онлайн оқуға түстік. Бірақ мен дәрігерге оқып жатырмын. Менің ойымша, олай оқу дұрыс емес. Шынын айтсақ, қазір онлайн оқу болып жатқан жоқ. 

Ресейде барлық білім беру мекемелері жаңа оқу жылын әдеттегідей бастады. Мән-жайды білу үшін Новосибирск мемлекеттік университетіне хабарластық. Олардың айтуынша, онлайн оқу жүріп жатыр. 

Елена Климкина, Новосибирск мемлекеттік университеті бөлімінің басшысы:

- Онлайн оқуда әр студенттің жеке кабинеті бар. Барлық тапсырма соған жіберіледі. Сонымен қатар университетімізде ақпараттық орталық жұмыс істейді. Мән-жайды мамандарға хабарласып білуге болады. 

Бұл жағдайға мыңдаған қазақстандық студент тап болды. Әзірге Ресейге тек әскери курсанттарға баруға рұқсат берілген.

Авторлар: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы