426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында үш ауысымды жою үшін 15 мектеп салынуы керек

  • 179
  • UPD: 22:01, 12.09.2020

Биыл Маңғыстау облысында 14200 бала мектеп табалдырығын аттады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазіргі уақытта дәріс кезекші сыныптарда жүріп жатыр. Санитарлық талаптарға орай әрқайсында бала саны 15-тен аспайды.

Ал қалған сыныптардың оқушылары, яғни 144 мыңнан астам бала интернет-платформалардың көмегімен қашықтан білім алады. Шалғай өңірдегі ауылдар ұтқыр ғаламтор желісімен қамтылған ба? Аймақта үш ауысымда білім беру мәселесі қашан шешіледі?

Талғат Исламұлы, тілші:

- Мұнайлы ауданының Батыр ауылында биылға дейін жалғыз мектеп болды. 3700-ден астам оқушы үш ауысымда білім алып келді. Тұрғындардың қуанышына орай 1 қыркүйекте 960 орындық жаңа мектеп қолданысқа берілді. Енді 2400-ге жуық бала осы жерде оқиды. Қазіргі жағдайда тек 1-сынып оқушылары ғана кезекші топтарға қабылданған.

Бауыржан Ұзақбергенов, Мұнайлы аудандық №15 жалпы білім беру мектеп директорының м.а.:

- Біз 2 мың 375 баланы қабылдадық. Әлемдік пандемияға байланысты мектепте 2 және 11-сыныптарда, сосын 1-сыныптардың ішінен 44 балаға қашықтан оқытуды ұйымдастырдық. Алдағы уақытта карантин режимі тоқтап, бала келетін болса, мектеп 100% дайын. Барлық жабдықтармен толық жабдықталған. Оқытушылар саны бүгінгі таңда 201 мұғалімді құрайды.

Осы жылы аймақ мектептері 159 мың баланы қабылдайды деп күтілген еді. Олардың дені үйде оқып жатыр. Бейнеу ауданына қарасты Ақжігіт ауылында ғана ғаламтор жоқ әрі оқушы саны аз. Осы себепті мектеп санитарлық талаптарды сақтай отыра жұмыс істеп тұр. Бұдан басқа Мұнайлы, Қарақия, Маңғыстау ауданындағы кейбір елді мекендерде желі жылдамдығы әлсіз. Күшейту жұмыстары күні бүгінде жалғасып жатыр. Бұдан басқа қашықтан білім алып жатқан балаларды компьютермен қамту мәселесі де күн тәртібінде тұр.

Асқар Сейдалиев, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді 6698 компьютерге. Сонымен қатар тағы 1402 компьютерге қаржы бөлініп, 8100 компьютер алынды. Сондай-ақ республикалық бюджеттен Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп, 22 мың 541 компьютерге тапсырыс берілді. Күні кеше ғана 2346 компьютеріміз келді. Қазір қабылдау рәсімдері жүріп жатыр. осы аптаның аяғына дейін аудандар мен қалаларға бөлініп тапсырылады.

Соңғы үш жылда 19 мың сәби бірінші сыныпқа барып отыр. Сәйкесінше, мектептерде орын тапшылығы әлі де бар. Үш ауысымда бала оқытатын мектеп саны былтыр 18 болған болса, биыл 15-ке азайды. Мемлекет қаражатына үш білім беру нысаны салынды. Тағы бес мектеп жеке инвестициямен бой көтерді. Жылдың соңына дейін Ақтауда 300 және 1200 орындық екі жоба іске қосылуы керек. Жалпы аймақта үш аусымды толық жою үшін кемі бес жылда 15 мектеп салу жоспарға қойылған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы