420,31 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Министр мектеп оқушыларын вакцинациялауға әлі ерте екенін айтты

  • 156
  • UPD: 23:38, 24.12.2020

Келер жылы елдегі педагогтердің жалақысы тағы 25%-ке өседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұдан бөлек, мектеп мұғалімдерінің жұмыс ауыртпалығы азаяды. Олар енді күніне тек екі құжатты ғана толтыруға міндетті. Алғашқысы – сынып журналы, екіншісі – сабақ жоспары. Бұл туралы бүгін Білім және ғылым министрі Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді.

Балабақшадан бастап колледж мұғалімдеріне дейін келер жылы 25%-ке жоғары жалақы алады. Яғни, Президент тапсырмасы барлық білім беру мекемесінде орындалады. Ал қыркүйекте мемлекеттік және ұлттық университет оқытушыларының жалақысы өскенін атап өткен жөн.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Балабақшадан бастап колледж, мектепті қамтып, барлық педагогтердің жалақысы 25%-ке өсуде. Әрине, ЖОО тиісті назарына аударды. Мемлекет басшысы Ұлттық кеңес отырысында осы тапсырма берген болатын. Биыл мемлекеттік жоғары оқу орындарында оқытушылардың жалақысы 20%, ал ұлттық университеттерде 28%-ке ұлғайған.

Көп ұзамай мектептерге әліппе қайта оралады. Оқулықтың бағдарламасы мен мазмұны дайын. Бастапқыда ол кирилл қарпінде шығады. Кейін латын әліпбиіне ауысады. Министрдің айтуынша, оқулықты латынға көшіру аса қиын шаруа емес. «Бастысы, әліппе мектеп оқушыларына қайта оралды», - дейді Асхат Аймағамбетов.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Әрі қарай мектептерде латын әліпбиіне көшу мәселесі басталғанда біз мұны латын әліпбиіне көшіріп, жұмысты жүргізетін боламыз. Бұл қиын шаруа емес. Бұл мәселелер қазір шешіліп болды.

Үшінші тоқсандағы білім беру процесіне келсек, өзгеріссіз. Яғни, аралас форматта жалғасады. Елдегі эпидемиологиялық жағдай осыны талап етеді. Ал мектеп бітіруші түлектер дәстүрлі форматта оқи береді. Себебі, олар ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуы керек. Ал бастапқы сыныптар қашықтан оқуын жалғастырады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Балабақшалар жабылмау үшін тиісті шешім қабылдадық. Наурыздан мамырға дейін балабақшаға балалар келмесе де, сол уақытта келіп жүрген балалардың санына қарай қаржыны алып отырды. Соның арқасында балабақшалар жабылмады. Содан кейін облыстарда жабу туралы шешім қабылданса, онда сол балаларға да тиісті қаржы төленіп отырды. Қазір де солай.

Педагогтердің жұмыс ауыртпалығын азайту туралы бұйрық күшіне енді. Дәлірек айтқанда, мектеп мұғалімінің тек 2 құжат толтыруы керектігі заң жүзінде бекітілді. Министрлікке бұл мәселеге қатысты шағымдардың түсуі жиілеген. Биылдың өзінде, ұстаздарға шамадан тыс жүктеме артқан 50-ден астам мекеме басшысы жазаланды.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Енді біздің педагогтер күніне тек 2 құжат толтыру керек. Ол сынып журналы, екіншісі сабақ жоспары. Оның өзі электронды негізде. Одан басқа құжаттарды мұғалім күнделікті толтыруға міндетті емес. Жылына бір рет күнтізбелік-тақырыптық жоспар дайындалады.

Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны қазір сынау жұмыстары жалғасып жатыр. Асхат Аймағамбетов оны ерікті түрде тамыз айында қабылдағандардың бірі. «Қазір жағдайым жақсы. Ауруға қарсы антидене қалыптасты», - дейді ол.

Дегенмен, министр мектеп оқушыларын вакцинациялауға әлі ерте екенін айтады. Оның үстіне, бұл денсаулық сақтау министрлігінің құзіретінде. Еске салайық, қазір отандық «Қазковид ин» вакцинасын сынаудың үшінші клиникалық фазасы басталды.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы