388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада балабақша кезегінің өзектілігін растамағандар тізімнен шығарылады

  • 286
  • UPD: 12:39, 31.10.2019
Елордада балабақша кезегінің өзектілігін растамағандар тізімнен шығарылады inbusiness.kz

1 қарашадан бастап елордада балабақша кезегінде тұрғандар тізіміне түзетулер енгізіледі.

Балабақшаға мұқтаждығын мақұлдамағандардың өтініші тізімнен алынып тасталады, деп хабарлайды Елорда Инфо «Аstana-akshamy» газетіне сілтеме жасап.

Қалалық білім басқармасының Стратегия, талдау және цифрлық технологиялар бөлімі басшысы Жазира Асанованың айтуынша, кезінде баланы мектепке дейінгі ұйымға орналастыру үшін берілген өтініштердің шамамен 50 мыңдайы бүгінгі таңда өзекті емес. Мәселен, олардың көбісі астанадан көшіп кеткен. Сондай-ақ бұрын бала жекеменшік балабақшаға қабылданғанда жалпы кезектен шығарылмайтын.

Бұл мәселе мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке тұрудың әдіс­темелік нұсқаулықтарына өзгерістер енгізілгенде ғана ретке келтірілген-ді. Қазіргі таңда баланы балабақшаға орналастыра салысымен, автоматты түрде кезектен шығарылады. Алайда ұл-қыздарын әдістеме өзгергенге дейін балабақшаға берген ата-аналардың өтініші жоғарыда айтқан 50 мың өтініштің қатарында болуы әбден мүмкін.

– Бүгінде 6 жасқа дейінгі 100 мыңдай бала кезекте тұр, бірақ олардың тек жартысы ғана балабақшаға мұқтаждықтарын мақұлдаған. Сондықтан біз тұрғындардан өз өтініштерін мақұлдауын сұраймыз, әйтпеген жағдайда бала енді балабақшаға мұқтаж емес деп саналып, өтініштер кезектен шығарылады. Айта кетейік, бұл талап 2018 және 2019 жылы туғандарға қатысты емес, – дейді  Жазира Асанова.

Балабақшаға мұқтаждықты мақұлдау түймесі ата-ананың e.astana.kz порталындағы жеке кабинетінде орналасқан.

Хабар 24 телеарнасы