419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Коронавирустан сақтану жолдары: иммунолог дәрігердің кеңесі

  • 1987
  • UPD: 23:44, 16.03.2020
Коронавирустан сақтану жолдары: иммунолог дәрігердің кеңесі

Қазіргі кезде қол алып амандасудан бас тартып, дұрыс әрі жиі тамақтанып, той-томалақты доғара тұрған жөн. Қазақстандық иммунолог мамандар осындай пікірде. Дәрігерлердің айтуынша, дәл осындай шаралар коронавирусты жұқтырудан сақтайды. Белгілі профессор Алмаз Шарман қарапайым азаматтарға өмір сүру дағдыларын өзгерту қажет дейді.

Қазіргі коронавирустың ресми атауы SARS-CoV-2 деп аталады. Оны құрлықтық Қытайды мекендейтін құмырсқа жегіш кесірткелер мен жарқанаттар таратуы мүмкін. Бұл вирус адамда COVID-19 деген инфекциялық ауруды қоздырады. Ол өкпені зақымдап, демалу қиындайды, жөтел қысып, дене қызуы көтеріледі. Адамның бұлшық еттері ауырып, іші бұзылып, әлсіздік пайда болады.   

Алмаз Шарман, профилактикалық медицина академиясының президенті:

- Адам бойында осы белгілері білінбесе де өзгелерге жұқтыруы мүмкін. Әр адам екі, төрт адамға жұқтырады. Мұның қауіптілігі осында. Дәрігерлер оның тез таралуын байқмай да қалады. Инфекция 3,5 процент жағдайда адам өліміне алып келеді. Егде жастағы адамдар ауыр қабылдайды. Сондықтан қазір қарттарға ерекше көңіл бөліп, күтім жасауымыз керек. 

Алмаз Шарманның айтуынша, коронавирустың инкубациялық кезеңі 14 күн. Көп жағдайда сыртқы белгілері инфекцияны жұқтырғаннан кейін бесінші күні біліне бастайды. Дегенмен инкубациялық кезеңде коронавирустың белгілері білінбесе де инфекция басқа адамдарға жұғуы мүмкін. Вирусты тоқтатудың бір жолы қарым-қатынасты доғарып, емдік шараларды ерте кезден бастау. 

Алмаз Шарман, профилактикалық медицина академиясының президенті:

- Коронавирус инфекциясын тасымалдаушылармен байланыста болғандарды инкубациялық кезеңде оқшаулау керек. Коронавирус кәдімгі тұмаумен салыстырғанда өте белсенді. Дәрігерлерге ең бастысы уақытты ұтымды пайдалану қажет.   

Әзірге COVID-19 дәрісі әлі жасалып жатыр. Вакцинаны қолданысқа енгізу үшін бірнеше рет клиникалық сынықтан өтуі тиіс. Тиімділігі дәлелденгеннен кейін ғана адамға пайдаланылады. «Яғни вакцинаны жасауға ең кемі 1 жыл уақыт керек» дейді Алмаз Шарман. Бірақ тиісті талаптар мен тазалықты сақтау арқылы да вирустан қорғануға болады.   

Алмаз Шарман, профилактикалық медицина академиясының президенті:

- Қолды сабынмен кемінде 20 секунд бойы жуу қажет. Сабын болмаса санитайзерлерді қолданыңыздар. Адам көп жерге бармаңыздар. Қол алысып амандаспаңыздар. Тыныш үйде отырыңыздар. Осындай қарапайым ғана талаптар көп көмегін тигізеді. 

Алмаз Шарман әрдайым дәрумендерді қабылдап, жеміс-жидек пен көкөністі көп тұтынған жөн, дейді. Бөлмені жиі желдетіп, едендерді дымқыл затпен сүртіп тұрған абзал. Ал смартфон мен гаджеттерді спиртпен тазалап тұру керек. Ақша мен тиындарды аз ұстаған дұрыс. Осы сияқты тәсілдер иммундық жүйенің күшейіп инфекцияға төтеп беруіне көмектеседі.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Владимир Бовкис

Хабар 24 телеарнасы