360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алғашқы жарна қолжетімді болуы керек

  • 752
  • UPD: 12:29, 09.10.2018

«7-20-25» бағдарламасына қатысуға ниетті азаматтардың алғашқы жарнасын арзандату – мақсат.

Бұл үшін елімізде 50 мың дана тұрғын үй сертификаты әзірленеді. Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, сертификаттардың әрқайсысы орта есеппен 1 млн теңгеге тең. Бастамаға Елбасы Жолдауындағы пәрмендер себеп болған. Осылайша биыл қала және облыс әкімдіктері 10 мыңдай сертификатты тапсырып үлгеруі тиіс. Жалпы «7-20-25» бағдарламасы аясында алғашқы жарнаны арзандатудың амалы бұл ғана емес. Қыркүйек айында «Жас арман» және «Қамқор баспана» өнімдері халыққа ұсынылған болатын.

Бағдарлама қолға алынғалы елімізде 2000 қазақстандық отбасының өтініші құпталды. Оның 114-і шығысқазақтандықтар. Бүгінде Семей, Өскемен, Курчатов қалалары мен Ұлан ауданындағы Қасым Қайсенов кентінде 1400-ге жуық пәтер бағларлама аясында өз иелеріне табысталуға дайын. Ал жыл соңына дейін тағы 613 пәтер пайдалануға беріледі.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға дайын емес

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға лайықты жұмыс жағдайын жасау керек. Осы мақсатта еліміздің Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілерді субсидиялауда. Ол қаражатқа денсаулығында кемістігі бар жұмысшыларға қажет жабдықтар алынуы тиіс еді. Алайда жыл басынан бері бөлінген 105 млн теңгенің 19 млн-ы ғана игеріліп, 72 жұмыс орны құрылыпты. «Бұның себебі жұмыс берушілер ерекше жұмысшыларды қолдауға дайын емес», – дейді мамандар. 

Жыл басынан бері еліміздегі жұмыспен қамту орталықтарына 11 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат өтініш қалдырған. Алайда олардың 3-тен бірі ғана тұрақты жұмыспен қамтылыпты. Жалпы Қазақстанда 411 мың мүгедек жұмысқа жарамды саналады. Ал 12 адам өз кәсібін бастау үшін шағын несие алды. 

Бизнеске лайықталған жер телімдері игерілмей жатыр

Шығыс Қазақстан демекші, биыл Семейде 16 мың ауыл шаруашылығы аумағы мен 35 игерілмеген жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы «курсив.кз» сайтына сұхбат берген қалалық жер қатынастар бөлімінің басшысы Құдайберген Сейілханов мәлімдеді. Негізі шаһарда бизнеске икемделген жер учаскелері тапшы. Сондықтан қайтарылған аумақтар бірден саудаға қойылады. Алайда мамандарды құрылысы аяқталмаған бизнес ғимараттардың жайы алаңдатады. Олардың тағдыры бұралаң. Қожайындары құрылысты аяқтауға да, ғимаратты мемлекетке қайтаруға да құлық танытпаған. Бүгінде Семей аумағында ауыл шаруашылығына бейімделген 2 млн 870 мың га жер бар. Оның 230 мың га-сы Семей сынақ полигонын көрсе, бірнеше жыл қатарынан бос жатқаны қаншама. Енді қала билігі кәсіпкерлермен келісім жүргізудің амалдарын қарастырып жатыр.

Тегін медициналық көмек

Қазақстанда халыққа тегін көрсетілетін медициналық қызметтер тарифі бекітілді. Естеріңізде болса, қыркүйекте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтердің тарифтерін бекіту туралы» бұйрыққа қол қойған болатын. Құжатта медициналық көмек және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге тарифтер көрсетілген. Бұйрық әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен медициналық қызметтер көрсету туралы шарттары бар медициналық, оның ішінде жеке ұйымдарды қамтиды.

Валюта сатып алмауды ұсынды

Қазақстан Ұлттық банкі азаматтарға баға тұрақсыз уақытта валюта сатып алмауға кеңес берді. Айтуларынша, бағамның құбылмалы жағдайында активтерді бір валютадан екіншісіне ауыстырудан бас тарта тұру керек. Себебі, мұның соңы жинақты жоғалту қаупін арттырады. Бұған дейін Ұлттын банк 2018 жылдың қыркүйегінде ішкі валюталық нарықта теңгені әлсірететін теңгерімсіздіктің күшейгенінін ескерткен. Сондай-ақ ішкі валюта нарығын тұрақтандыру мақсатында 2017 жылдың қазанынан бастап тұңғыш рет валюталық интервенция жүргізу туралы шешім қабылдады. Ұлттық банк 2018 жылдың 5-7 қазан аралығында 520,6 млн АҚШ долларын сатты. 

Авторы: Мерей Мұратханқызы

Хабар 24 телеарнасы