378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде жаңа жылдық безендіруге қанша қаражат жұмсалды?

  • 1719
  • UPD: 11:34, 21.12.2018

Елімізде бірқатар қала әкімдігі жаңа жылдық безендірулерге бірнеше ондаған миллион теңге қаражат бөлген. Мәселен, Алматыда жасыл шыршаны «Астана» алаңымен қатар тағы 6 ауданнан байқауға болады.

Қалалық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы осы мақсаттарға жергілікті бюджеттен 175 млн теңге бөлген. Шымкентте де мерекелік шараға өткен жылғыдан көптеу қаражат жұмсалыпты. Мәселен, былтыр 49 млн тг бөлінсе, аталған сомаға биыл қосымша тағы 21 млн теңге бағытталған. Ал Солтүстік Қазақстанда қаражат бөлінбейтін болды. Өңір әкімі Құмар Ақсақалов мұны облыс бюджетінің шектеулі болуымен түсіндірсе керек. Оның айтуынша, жергілікті қазына көлемі - небәрі 9 млрд теңгеге тең. Осы орайда, өзге өңірлермен салыстырсақ, шамамен 10 есе аз. Еске салайық, Петропавл қаласында осымен екінші жыл қатарынан жаңа жылдық безендіру жұмыстарына қаражат үнемделіп келеді. 

Жыл басынан елде жаңа шаршы метр бағасы орташа есеппен 5%-ке қымбаттап, 266 мың теңгеге жеткен. Бұл туралы «Ranking.кз» порталы хабарлайды. Сондай-ақ көп қабатты тұрғын үйлерден пәтер сатып алу келісімдерінің саны 13 процентке өскен. Сарапшылардың айтуынша, елімізде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік түріндегі қолдаудың тиімділігі артып отыр. Осылайша, Қазақстанда жаңа пәтер нарығындағы баға саясаты біршама тұрақтады. Ал кейбір қалаларда тіпті баспана бағасының төмендегені байқалды. Ақтау қаласында баға 4,2%-ке төмендесе, Көкшетауда – 4,5%, Павлодар мен Петропавлда – бірден 24%-ке дейін арзандаған. Жыл басынан шамамен 60 мың жаңа пәтер пайдалануға берілген. Өткен жылмен салыстырғанда 2 мың пәтерге көп. Алайда, баспана саны артқанымен, көппәтерлі тұрғын үйлердің жалпы аумағы 1,5 процентке азайған. Мұны «эконом класс» яғни «қолжетімді баспана» құрылысы көлемінің артуымен түсіндіруге болады. 

Табиғи монополияларға 2,2 трлн теңге инвестиция тартылмақ. Парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар тиісті заң жобасын мақұлдап, осындай мүмкіндік берді. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, заң жобасы табиғи монополиялар саласындағы заңнаманы жүйелендірмек. Сондай-ақ, субъектілер қызметін реттеуді ынталандырудың жаңа әдісін енгізбек. Осы арқылы қызмет көрсету тиімділігі мен сапасы артады. Сонымен қатар қызмет түрі ашық болып, тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуы қатаң бақылауға алынады, дейді министр. Оның сөзінше, табиғи монополиялар саласына, оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына инвестиция тарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтсақ, алдағы жылдары инвестиция тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына шамамен 1,3 трлн теңге тартылмақ.

- Жалпы соңғы жылдары аталған салаға қанша қаражат тартылды?

- Мәселен, соңғы 3 жылда салаға 1,02 трлн теңге инвестиция тартылса, соңғы 2 жылда халықаралық қаржы ұйымдарынан 19,6 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ, тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылау мақсатында 2 жаңа институт құрылмақ. Біріншісі Тарифтік саясат жөніндегі кеңес. Екіншісі тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға арналған коммерциялық емес ұйым. 

Қазақстан мұнай өндіру көлемін тәулігіне 40 мың баррельге қысқартады. Осылайша мемлекет мұнай экспорттаушы елдер ұйымының келісімін орындамақ. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз-қызметі хабарлайды. Еске салайық, осы жылдың 7 желтоқсанында ұйымның бесінші отырысы өткен болатын. Онда тараптар келер жылдың қаңтар айынан бастап, жарты жыл ішінде мұнай өндіру көлемін шектен асырмау туралы уағдаласқан. Осыған байланысты, Қазақстан да өзіне жүктелген негізгі міндеттемелерді орындауға әзір. Айта кетейік, осы жылдың 4-тоқсанында әлемде мұнай бағасының төмендеуі байқалды. Оған геосаяси жағдайлармен қатар, әлемдік экономикадағы екі-ұштылық факторы да әсер тигізгені жасырын емес. Осылайша жаһандық мұнай нарығындағы тепе-теңдікті сақтау үшін жалпы әлем бойынша мұнай өндіру көлемін тәулігіне 1,2 млн баррельге қысқарту қажеттілігі туралы шешілген.

Хабар 24 телеарнасы