378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Былтыр қазақстандықтар 500 млрд теңгеге көлік алған

  • 717
  • UPD: 11:40, 17.01.2019

2018 жылы қазақстандықтар шамамен 500 млрд теңгеге 58 мың жаңа көлік сатып алған. Бұл туралы «ҚазАвтоӨнеркәсіп» баспасөз қызметі хабарлайды. 12 ай ішінде ресми дилерлер 57 мың 919 автомобиль саудалаған. Бұл 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 25 процентке көп. Ал азаматтардың қалтасынан шығарған қаражатының нақты мөлшері 496 млрд 600 млн теңге немесе 1 млрд 400 млн доллар.

Былтырғы кезеңмен салыстырғанда шамамен 36 процентке артық. Өткен айдың өзінде 5 мың 452 темір тұлпар өз иесін тауып, автосалондар 47 млрд 400 млн теңге көлемінде пайдаға кенелді. Шамамен 30 мың көлік импортқа шығарылса, 28 мыңнан астам тұтынушының таңдауы отандық өнімдерге түскен. Осылайша, былтыр жеңіл көліктерді сатып алу бойынша Алматы көш бастады - 15 524 бірлік. Артынша, Астанада – 10 мың 400, Атырау - 4 мың 200, Шымкент - 3 мың 700, Қарағанды мен Қостанайда шамамен 3,5 мың, Орал мен Өскеменде 2,5 мың, ал Ақтау мен Ақтөбеде 2 мыңнан астам жеңіл көлік сатылған.

Биылдан бастап пластмассаны, шыны мен макулатураны көмуге тыйым салынды. Осылайша, қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 2030 жылға қарай 40 %-ке, ал 2050 жылға қарай 50%-ке дейін жеткізу көзделіп отыр. Жыл сайын елімізде 5-6 млн тонна тұрмыстық қатты қалдықтар түзіледі. Өткен жылдың алғашқы сегіз айында шамамен 3 млн тоннадан астам қоқыс жиналған. Оның 330 мың тоннасы қайта өңделіп, кәдеге жаратылды. Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру үшін қоқысты сұрыптау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, бүгінгі күні елімізде қалдықтарды сұрыптайтын және қайта өңдейтін 130-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Әртүрлі қуаттылықпен осындай сұрыптау кешендері тағы 18 елді мекенде бар.

«Астана-Щучье» ақылы жолынан 1,5 млн теңгеден астам кіріс түсті

Өткен жылы «Астана-Щучье» ақылы жолынан 1 млрд 539 млн теңге кіріс түскен. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының аппараттық жиналысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Осылайша, 2018 жылы аталмыш аралықты 2 млн 809 мың 993 көлік жүріп өткен. Бұл 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда шамамен 2% көп. Бүгінде алдын ала төлем жүйелерін ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Былтыр 139 мың 611 рет алдын ала төлем жасалып, алдыңғы жылғыдан 3 есе артқан. Қазіргі таңда бөлімше қызметкерлері жасанды мемлекеттік тіркеу нөмірлерін анықтау бойынша белсенді жұмыстар атқарып жатыр.

- Жасанды мемлекеттік тіркеу номерлерін қолдану сынды қанша әкімшілік құқық бұзушылық болды?

- Жол полициясы әкімшілік құқық бұзушылық туралы 21 хаттама толтырыпты. 5 көлік құралы арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Ұрланған тіркеу нөмірін қолдану бойынша 1 қылмыстық іс қозғалса, 2 қолданушы 1 млн 20 мың теңге көлемінде берешегін өтеген.

Бүгінде шамамен 1 жарым мың қазақстандық халықаралық іздеуге жарияланса, мыңнан астам азамат мемлекетаралық іздеуде жүр. Оларды елге қайтару үшін бюджеттен 500 млн теңге қарастырылған. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин хабарлады. Оның айтуынша, қазіргі таңда шет мемлекеттермен 20-ға жуық екіжақты ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған. Алдағы уақытта Солтүстік Македония, Куба, Малайзия және Грекия елдерімен халықаралық шартқа отыру көзделіп отыр.

«Бүгінде 1499 азамат халықаралық және 1 026 адам мемлекетаралық іздеуде жүр. Белгілі бір ел біз сұратқан азаматтарды қайтармаса, Қазақстан тарабы мұнай жағдайды ескерусіз қалдырмай, дәл сондай жауап қатуы мүмкін. Осыған байланысты қазіргі таңда өзара күдікті алмасу тәжірибесі бар. Мәселен, өткен жылы Германия іздеуде жүрген 3 қазақстандықты ұстап берді. Минск конвенциясында көрсетілген шарттарды ұстанамыз».          Андрей Лукин, ҚР Бас Прокурорының орынбасары 

Нью-Йорк пен Лондон биржаларында өткен сауда-саттық нәтижесі бойынша мұнай бағасы өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Лондондағы ICE Futures биржасында наурыз айында жеткізілетін Brent маркалы мұнайдың фьючерстері 1 доллар 21 центке көтеріліп, бір баррелінің құны 60 доллар 53 центті құрады. Ал Нью-Йорк тауар биржасы NYMEXте ақпан айында жеткізілетін WTI маркалы мұнай бағасы 1 доллар 6 центке артып, баррелінің бағасы 52 доллар 11 цент болды.

Хабар 24 телеарнасы