378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ардагерлерге жалпы 2,6 млрд теңгеден астам материалдық көмек беріледі

  • 360
  • UPD: 10:21, 06.05.2019

Елімізде 87 мыңнан астам Ұлы Отан соғысының ардагерлері жане сұрапыл соғыс салдарынан мүгедек болып қалған 1 мың 425 адам тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

9 мамыр қарсаңында жергілікті әкімдіктер ардагерлерге көмек әрі құрмет көрсету мақсатында жергілікті әкімдіктер қаржылай төлем беруді жоспарлап отыр.

Еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, біржолғы ақшалай төлем мөлшерін әкімдіктер өздерінің бюджеттерінің мүмкіндігіне қарай белгілейді.

Биыл ең үлкен соманы Шығыс Қазақстан облысында тұратын ардагерлер алады. 542 мың теңге. Одан кейін Нұр-Сұлтан қаласында – 519 мың теңге, Ақмола және Павлодар облыстарындағы соғыс ардагерлеріне шамамен 500 мың теңге табысталады. Қарағанды, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында бір реттік төлем 300 мың теңгені құрайды. Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында 250 мың теңге шамасында. Қызылорда облысында 202 мың теңге, Қостанай және Жамбыл облыстарында соғыс ардагерлеріне 150 мың теңгеден қарастырылған. Бұдан басқа, ҰОС салдарынан мүгедек болып қалғандарды шипажайларда бірінші кезекте емдеу, протездік-ортопедиялық құралдармен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жоспарланған. Жеңістің 74 жылдығына орай 88 862 ҰОС ардагеріне 2,6 млрд теңгеден астам сомаға бір жолғы материалдық көмек төленеді.

Қазақстан туризмді дамытады

Қазақстанда 2025 жылға дейінгі туризмді дамыту бағдарламасы арқылы ел экономикасына бір триллион теңге тарту жоспарланған. «Курсив» порталының хабарлауынша, жақында еліміз бұл жобаны Орталық Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына қатысушы мемлекеттерге таныстырды. Алты жылға жасалған құжаттың 10 бағыты бар. Онда жазғы демалыс кезінде балаларға тегін ұшақ билеттері де қарастырылған. Сондай-ақ бағдарламада визалық және көші-қон режимін жеңілдету назарға алынған. Мысалы, шетелдік туристер үшін электрондық визалар енгізіледі. Жоба биыл ақпан айында пилоттық режимде іске қосылды. Ол 128 мемлекеттің тұрғындарына Қазақстанға кіруге онлайн режимінде рұқсат алуға мүмкіндік береді. Мұндай жаңашылдықтар қазақстандық туризмді жаңа деңгейге көтеріп, шетелдік туристердің санын арттырады деп күтілуде.

АҚШ-та жұмыссыздық деңгейі төмендеген

АҚШ экономикасындағы жұмыссыздық деңгейі 1969 жылдан бергі ең төменгі көрсеткішке жеткен. Бұл туралы елдің Еңбек министрлігінің статистика бюросы хабарлайды. Биыл сәуір айында АҚШ-та 263 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 3,6% төмендеген. Мамандардың айтуынша, мұндай өзгерістерге жұмыс орындарымен қатар, экономикалық белсенді тұрғындар санының азаюы әсер етеді. Өткен айда зейнеткерлер мен студенттер саны көбейген. Салдарынан экономикалық белсенді халық көлемі 490 мың адамға қысқарған. Алайда АҚШ билігі жаңа жұмыс оырындарын ашу арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендетті. Биыл АҚШ-тағы ЖІӨ деңгейі 3,2% құрады. Дегенмен АҚШ тұрғындарының табыс мөлшерінде өте үлкен айырмашылық байқалады. 

Төлем карталарын пайдаланушылар саны артқан

Қазақстанда қазір 24,4 миллион төлем картасы айналымда жүр. Ұлттық банк деректеріне сай, көрсеткіш былтырға қарағанда 21,5% жоғары. Банк карталарын түрлеріне қарай жіктесек, дебеттік карталардың үлесі басым – 75,6%. Ал несие карталарының үлесі – 20,8%. Негізінен халық қолма-қол ақшаға қарағанда, картамен төлеуге бейімделіп келеді. Биыл наурыз айында карта бойынша жасалған төлемдердің көлемі 777 млрд теңгені құраған. 2018 жылмен салыстырғанда 2 есе, ал 2017 жылға қарағанда 5 есе өскен. Статистика интернет транзакциялардың және картамен жасалған төлемдердің көбейгенін көрсетеді. Төлемдердің басым бөлігі POS-терминалдар мен мобильді банкинг арқылы жүргізілген.

Қазақстан қор биржасындағы соңғы сауда-саттық нәтижесі бойынша АҚШ долларының құны 380 теңге 50 тиынды құрады. Шетелдік валютаны айырбастау бөлімшелерінде 381-382 теңгеге сатып алуға болады.

Хабар 24 телеарнасы