389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2025 жылға таяу елімізде кадрлар тапшылығы болуы мүмкін

  • 664
  • UPD: 10:34, 17.05.2019

2025 жылға қарай кадр тапшылығы 570 мың адамнан асады. Бұл туралы кеше XII Астана экономикалық форумы аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты.

Халықаралық еңбек ұйымының 100 жылдығына арналған конференцияда министр жаһандық сын-қатерді және елде болып жатқан үрдістерді ескере отырып, Қазақстанның болашақ еңбек нарығы туралы пайымын білдірді. 2025 жылға қарай халық саны 1 млн 600 мыңға өсіп, 19 млн 800 мың адамды құрайды деген болжам бар. Жұмыс күшінің саны 6,7  процентке артып, 9 млн 800 мыңға дейін жетеді. Сонымен қатар, ведомство басшысы еңбек өнімділігінің өсуіне байланысты жұмыс күшінің ауыл шаруашылығынан білім беру, құрылыс, көлік, сауда және басқа да қызмет түрлеріне ауысуы мүмкін екенін айтты.

Осы жылдың бірінші тоқсанында елде жүргізілген құрылыс жұмыстары мен қызмет көлемі 625 млрд 500 млн теңгені құрады. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 8,4 процентке артық, делінген Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің сайтында. Есепті кезеңде 136 млрд 800 млн теңгеге инженерлік құрылыстар, 102 млрд 100 млн теңгеге өндірістік ғимараттар, 90 млрд 300 млн-ға тұрғын үй ғимараттары, 66 млрд 100 млн теңгеге автомагистральдар, жолдар, темір жолдары, көпірлер мен жер асты өткелдері, 50 млрд-қа тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінің ғимараттары салынған. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемі 9,7 процентке артып, 547 млрд 600 млн теңгені құрады. 13 мың 766 жаңа ғимараттың құрылысы аяқталды. Оның ішінде 13 мың 050 тұрғын үй салынды. Атап айтқанда 3 жалпы білім беретін мектеп, 19 балабақша мен емханалық ұйым салынды. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы 3 мың 464 шаршы метрді құрады. 

Лондон мен Нью-Йорктің шикізат биржаларында кеше өткен сауда-саттық қорытындысы бойынша мұнай бағасы өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Лондондағы ICE Futures биржасында шілде айында жеткізілетін Brent маркалы мұнайдың болжамдық құны 82 центке артып, 72 доллар 77 центке жетті. Айта кетейік, сәрсенбі күні қара алтын бағасы 96 центке өсіп, 71 доллар 95 центті құраған болатын. Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) маусым айында жеткізілетін WTI маркалы мұнай 85 центке қымбаттап, бір баррелі 62 доллар 87 центке тең болса, сәрсенбіде баға 24 центке өсіп, 62 доллар 2 центті көрсетті.

Хабар 24 телеарнасы