430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде жүн өндірісі тұралап қалды

  • 342
  • UPD: 11:08, 02.10.2020

Қазақстанда жүн өңдейтін кәсіпорынның барлығы тоқтап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жүн бағытында қой өсіріп отырған шопандарды шығынға батырып жатыр. Өндірістің тұралауына не себеп ?

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Кәсіпорындардың жұмысын тоқтатуға бірнеше себеп бар. «Солардың ең бастысы – экспортқа салынатын кедендік БАЖ салығы», дейді мамандар.

Қазір шопандар қырықтықтан кейін қойдың жүнін қоқысқа тастайды немесе өртейді. Тіпті бұл саланың өркендейтініне күмәнданғандары, етті бағыттағы қой өсіруге көше бастаған. Мамандардың айтуынша, жүн өңдеу саласында мәселе көп. Ең бастысы – кедендік БАЖ салығы. Яғни, өңделген тауарды экспортаған кезде жалпы соманың 10%-і БАЖ салығына төленеді. Ал бұл тауардың өзіндік бағасын қымбаттатады. Бәскелес елдерде мұндай салық жоқ болғандықтан, олар алушыға бағаны төмен ұсынады. Шымкенттегі жүн өңдейтін кәсіпорын басшысының айтуынша, мәселені үкіметке дейін көтерген. Десе де, министрліктегілер ішкі нарықта өңделген жүнге сұраныс жоғары екенін алға тартқан. Ал шын мәнінде елде жылына 35 мың тонна жүн өңделеді. Ал сұраныс 100 тоннадан аспайды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі алдағы уақытта елде жүннен мата жасайтын төрт кәсіпорын ашу жоспарланғанын айтады. Алайда, бүгінге дейін бірде-бірі іске қосылмаған.

***

Мақтадан жасалған матаның үлесі артты

Биыл қаңтар мен тамыз аралығында елде жалпы сомасы 42,7 миллиард теңгеге мата өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ке көп. Қазақстан бойынша өнімнің жартысына жуығы оңтүстік өңірде жасалған. Атап айтсақ, Шымкент пен Түркістанда. Үздік үштікке Алматы облысы да кіреді. Отандық фабрикалар матаның басым бөлігін мақтадан жасаған. Ал жүннен тоқылатын немесе тігілетін тауар өндірісі 30%-ке азайып кетті. Сондай-ақ киіз бен киізден жасалатын тауарлардың да өндірісі 13,5%-ке кеміген.

***

ЕҚДБ: Дамушы елдердің экономикасы 3,9%-ке төмендейді

Биыл дамушы елдердің экономикасы 3,9%-ке төмендейді. Ал, келер жылы өсім 3,6% шамасында болады. Еуразиялық қайта құру және даму банкі осындай болжам жасады. Мамыр айында қаржы ұйымы экономикалық құлдырау 3,5% болады деген еді. Алайда, екінші тоқсанда өндіріс көлемі былтырмен салыстырғанда 8,2%-ке төмендеп кеткен. Сондықтан дамушы елдердегі ішкі жалпы өнім көрсеткіші төмендеп кетті. Пандемияға дейінгі көрсеткішке тек келер жылдың соңында ғана жетуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, дағдарыс әсіресе, туристік салаға тәуелді елдерге қатты әсер етеді.

***

Shell компаниясы 9 мың қызметкерін қысқартады

Shell компаниясы жыл соңына дейін 1500 қызметкерін жұмыстан босатады. Ал келер жылдың соңына қарай 9 мың штатты қысқартуға ниетті. Жалпы Британия мен Нидерландтың бірлескен компаниясында бүгінде 83 мыңдай адам жұмыс істейді. Олардың санын қысқарту арқылы компания  жылына 2-2,5 миллиард АҚШ долларын үнемдеп, экономикалық жағдайын тұрақтандырмақ. Биыл үшінші кварталда олар 1,5 миллиард АҚШ долларды шығын ретінде есептейді. Себебі акциялар арзандап кеткен. Компанияға тиесілі мұнай өңдеу зауыттардың жүктемесі 64-68% қана. Жыл басынан бері олардың жалпы капиталы 55%-ке азайып кеткен.

***

Ресей мұнай өнімдерін импорттауға рұқсат берді

Ресейде мұнай өнімдерін импорттауға салынған тыйым күшін жойды. Ресми Мәскеу мұндай қадамға жергілікті мұнай шығаратын зауыттарды қолдау мақсатында барған еді. Себебі, коронавирусқа байланысты шектеу шаралары күшейген кезде жанар-жағармайға сұраныс төмендеп кетті. Сәйкесінше, баға арзандады. Ал Ресей билігі өз нарығын тұрақты ұстау үшін шет елден арзан бағада келетін жанармайды импорттауға тыйым салған еді. Сұраныс артқаннан кейін шектеуді алып тастады.

***

Нарық картасы

Бұл Ресейдің жанармай нарығындағы ахуал. Ал біз бүгін «Нарықтағы баға» айдарында республика өңірлерінде газ құны қанша екенін айтамыз.

Қазақстан бойынша көгілдір отын ең арзан өңір – Ақтөбе. Мұндағы жанармай бекеттерінде газдың литрі 49-54 теңге арасында саудаланады. Ал Павлодарда 57-ден. Қызылордалықтар газдың литрі үшін 60 теңге төлейді. Қостанайдағы жүргізушілер көгілдір отын 65 теңгеден. Түркістанда да баға сондай. Оралда 68. Ел бойынша газ ең қымбат өңір Қарағанды, мұнда литрі 73 теңгеден.

Енді валюта бағамына тоқталсақ. Қазақстан қор биржасында АҚШ-ты бір доллары 429 теңге 37 тиыннан саудаланып жатыр. Ал еуро 504 теңге 34 тиын. Ресей рублі 5 теңге 55 тиын.

Хабар 24 телеарнасы