428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биыл қазақстандықтарға 7 млн тонна көмір қажет

  • 193
  • UPD: 15:07, 06.10.2020

Қазақстандағы жолаушылар тасымалы нарығының 97 проценті көлеңкеде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни бұл салада мемлекеттік реттеу жоқ. Ал сұраныс бар. Сонда ұсынысты кім қанағаттандырып отыр? 

Такси жүргізушілері – негізінен ешқайда тіркелмеген, заңсыз тасымалдаушылар. Бұл нарықта ресми компаниялар аз. Дегенмен мамандар саланы реттеудің өзіндік жолын ұсынды.

Такси жүргізушілері жылына 195 млн тапсырыс орындайды

Елімізде такси нарығындағы жылдық айналым – шамамен 120 миллиард теңге. Республика бойынша тәулігіне орта есеппен 535 мың тапсырыс орындалады. Ал жылына такси жүргізушілері 195 миллион сапар жасайды. Олардың дені Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына тиесілі. Қазақстанның такси қызметі қауымдастығының президенті Медет Құрмановтың сөзінше, қазір такси бағасы халықтың төлем қабілетіне қарай реттеледі. Ал осы салада нәпәқасын тауып жүргендердің дені заңсыз тасымалдаушылар. Сондай-ақ такси шақыратын мобильді қосымшалар да сыртқы нарықта шыққан. Салада трансұлттық компаниялардың монополиясы қалыптасты деуге келеді. Сондықтан тұтынушыға таңдау жасау қиынға соғып жатады. Отандық такси қызметін бір жүйеге келтіру үшін қауымдастық өкілі саланы цифрландыруға шақырады. Бұл такси бағасын да бір межеге келтіруге мүмкіндік береді дейді ол.

Медет Құрманов, Қазақстанның такси қызметі қауымдастығының президенті:

– Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 50-ден астам көлік сатып алумен айналысатын компания жабылды. Бұл такси сапасын төмендетеді. Жолаушылар ескі көлікпен жүруге мәжбүр. Жалпы темір тұлпарларды 3-4 жыл сайын ауыстыру керек. Бірақ заңсыз тасымалдаушылар көбейгендіктен, ресми такси жүргізушілері жеті жылға дейін бір көлікпен жүреді. Себебі көліктің өзіндік құнын шығару үшін осынша уақыт керек.

Айта кетейік, қауымдастық басшысының сөзіне сенсек, такси қызметі қатты қымбаттамаған. Тек көліктердің бағасы өскен. Бірақ бұған қарамастан, локдаун кезінде таксиге сұраныс артты. Әсіресе, наурыз айында бұл қызмет түрінің жұмысы қызған. Ал соңғы бірнеше айда таксиге сұраныс 30-40 процентке азайды. Бұған қоғамдық көліктің жүруі себеп болуы мүмкін.

Биыл қазақстандықтарға 7 млн тонна көмір қажет

Жер үйде тұратын қазақстандықтарға осы қыста 7 миллион тоннадан астам көмір қажет болады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осындай болжам жасады. Ведомствоның хабарлауынша, бүгінгі таңда тұрғындардың 70 процентке жуығы көмірмен қамтамасыз етілген. Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында әлеуметтік нысандар үшін көмірдің жылдық көлемі толық жеткізілді. Отын өндірісіне тоқталсақ, өткен тоғыз айда Қазақстанда 79 миллион тонна көмір өндірілді. Оның 42 миллион тоннаға жуығы жылу өндіретін кәсіпорындарға жөнелтілді. Тағы 5 миллион тонна өнеркәсіптік өндіріске бөлінді. Көмір эспорты 20 миллион тоннадан асты.

Нарықтағы баға

Қарағандыда бір тонна көмір 7500 теңгеден бастап, 11 мың теңгеге дейін жетеді. Өскеменде көмірдің тоннасы – 11000 теңге. Павлодарда қатты отын 12500 теңге тұрады. Нұр-Сұлтанда оның құны 300 теңгеге қымбат. Ал Ақтөбеде көмірдің бір тоннасы 13000 теңгеден сатылады. Көкшетаулықтар қыстың отынын 13400 теңгеден сатып алады. Ал Қостанайда бір тонна көмір 15000 теңге тұрады. Ең қымбат көмір Петропавлда. Тоннасы 17500-ге дейін жетеді.

Tengri Bank салымшыларына 10,7 млрд теңге төледі

Лицензиясынан айырылған Tengri Bank салымшыларына 10 миллиард 700 миллион теңге төледі. Бұл туралы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры хабарлады. Төлемдер Еуразиялық Банк арқылы жүргізілген. Бұл кепілдендірілген төлемдердің жалпы сомасының 60 процентін құрайды. Жалпы бес күнде 2300 адам ақшасын қайтаруға өтініш берген. Олардың дені Алматы, Павлодар және Нұр-Сұлтан қалаларынан. Айта кетейік, Tengri Bank салымшылары кепілдендірілген төлемді Еуразиялық банк арқылы қашықтан өтінім беріп алу жолы қарастырылған.

АҚШ доллары нығаюы мүмкін

Ал енді әлем жаңалықтарына ойыссақ. Америкалық доллар нығаюы мүмкін, @tengenomika телеграм-каналының мамандары осындай болжам жасады. Егер болжам орындалса, дамушы елдердің, соның ішінде біздің де валюталарымыз құнсызданады. Бірақ бұл өзгерістер айтарлықтай білінбейді дейді сарапшылар. Еске салсақ, АҚШ-та жұмыссыздық деңгейі екі есе төмендеді. Өткен айда бұл көрсеткіш шамамен 8 процентті құрады. Америкалық еңбек статистикасы бюросының мәліметі бойынша, қыркүйектен бастап елде экономикалық белсенді халықтың үлесі және орташа сағаттық жалақының өсімі төмендеді. Осы факторлардың барлығы мұнай мен басқа да энергия ресурстарының бағасын тұрақтандыруға кедергі келтіреді. 

Қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша, доллар 430 теңге 66 тиын, еуро 505 теңге 90 тиын, рубль 5 теңге 5 тиын.

Хабар 24 телеарнасы