388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Отандық жеңіл өнеркәсіп тұралап тұр

  • 995
  • UPD: 21:50, 16.10.2017

Қырғызстаннан келетін контрабанда салдарынан отандық жеңіл өнеркәсіп тұралап тұр. Қазір бұл сала іштегі сұраныстың небәрі 10 пайызын ғана өтейді. Қалғаны сырттан келеді.

Осыған қынжылыс білдірген Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худова Оңтүстік шекарадағы заңсыз тауар айналымын тыйсақ, саладағы жағдай оңалатынын айтты. Оңтүстік шекарада қазір жоспарлы тексеріс жүріп жатыр. Заңсыз тауар айналымына тосқауыл қою үшін. Оқтын-оқтын осындай оқиғалар болатыны жасырын емес. Міне бұл жолы да контрафактінің бірнеше дерегі тіркелді.

Ақиқатын айту керек. Айыр қалпақты ағайынның «пысықайлары» осындай «бизнес» жүргізуді әдетке әрі «әдемі» дәстүрге айналдырған. Мұның салдарынан экономикамыздың бірнеше саласы тұралап тұр қазір. Соның бірі жеңіл өнеркәсіп. Бұл саладағы кәсіпорындар ішкі сұраныстың 10 пайызын ғана өтейді. Қалғаны импорт. Мәселен Қытай тауарлары контрабандамен Қырғызстан арқылы келеді.

Любовь Худова, ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті:

– Қырғызстандағы кәсіпорындардың 90 пайызы көлеңкелі секторда жұмыс істейді. Салық төлемейді. Сосын олар техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін бұл тауарларды заңның ала жібін аттап біздің нарыққа жібереді. Мұндай өнімнің сапасына кім кепіл береді?

Шекарадағы контрабанданың бары экономист Рахым Ошақбаевқа да белгілі. Сол себепті «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы кезінде біріктірілген қадағалау пунктерін енгізуді ұсынған.

Бұл техникалық регламентке сай емес «сұр» импорттың біздің нарыққа көптеп ағылуына тосқауыл қояды. Есесіне, тауарларды бақылаудың мұндай түрі Еуразиялық экономикалық одақ пен Дүниежүзі сауда ұйымының заңнамаларына қайшы емес.

Рахым Ошақбаев, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры:

-Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болған кезде, «сұр» импорттың біздің нарыққа ағылуына қатты алаңдадық. Кедендік шекара болмағандықтан, қазір техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін тауарлар түсіп жатыр. Сондықтан біз біріктірілген қадағалау енгізуді ұсындық.

Долорес  Төлебекова, «Атамекен» ҰКП департаментінің директоры:

– Біздің кәсіпкерлер: «Қырғызстаннан келетін тауарлардың сапасы сын көтермейді», – деп шағымданып жатыр. Әсіресе жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне. Қазір қырғыз импорты шетелге тасымалдаудың заңды жолдарын айналып, тауардың шығу жерін, сапасын растайтын құжаттарсыз отандық нарыққа кіреді. Сондықтан  бұл тауарлардың бағасы арзан болады. Есесіне, қазақстандық бизнесмендер мұндай жосықсыз бәсекемен күресе алмайды.

Қазір жеңіл өнеркәсіптегі қазақстандық кәсіпорындар өз өнімін Ресейге экспорттауға мәжбүр. «Сайып келгенде, оңтүстік шекарадан келетін контрабанданың дәуірі бітсе ғана, саладағы жағдай түзеледі», – дейді олар.

Хабар 24 телеарнасы