374,84 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодардағы өзен портының логистикалық мүмкіндіктері артты

  • 231
  • UPD: 21:49, 23.06.2018

Павлодардың өзен портында шекарааралық жүк тасымалы артып, ауқымы кеңейді.

Ертіс өзенімен Ресейге қиыршық тас жеткізетін жүк кемелері енді қайтар жолда ағаш тиеп келеді. Жалпы су жолдарымен жүк тасу шамамен отыз пайызға арзанға түседі. Сондықтан маусымды тиімді пайдалану маңызды.

Су жолдарын дамыту бойынша Павлодар, Омбы, Түмен облыстары арасындағы жасалған келісімдер нақты іс жүзінде орындала бастады. Жаңа маусым басталған үш айда Ресей Федерациясына Павлодар облысы 36 мың тонна қиыршық тас жөнелтті. Құрылыс материалына көрші елден сұраныс көп түседі.

Алексей Гладков, Павлодар өзен портының бас инженері:

– Үстіміздегі жылы 100 мың тонна қиыршық тас жөнелтуді жоспарлап отырмыз. Құм өндіру көлемі шамамен миллион тоннадан асады. Сонымен қатар навигация арқылы Ресейге 10-12 мың тонна тұз тасымалданады.

Қазір техникалық тұз тиеліп жатыр. Судың қазіргі деңгейі бір жарым мың тонна жүк басуға мүмкіндік береді. Көрші елге шағыл апарған кемелер жуырда Павлодарға ағаш тиеп келді. 

Қарлығаш Қасиетова, Twitter@kasietova:

– Павлодардың өзен портына Ресейдің Түмен облысынан ағаш жеткізілді. 4 мың текше метр ағаш тиелген баржалар 3 мың шақырым су жолын артқа тастаған. Атап өтерлігі, екіжақты әріптестік араға 15 жыл салып қайта жанданды.

Ал Павлодардың өзен порты үшін Қытаймен әріптестік орнату жаңа логистикалық мүмкіндіктерге жол ашады. Қытайлық кәсіпкерлер Ертіс өзенінің шекарааралық әлеуетін кокс жеткізу мақсатында пайладануды көздейді.

Төлеген Күлжанов, Павлодар өзен порты басқармасы бастығының орынбасары

– Келіссөздер жүріп жатыр. Павлодар облысында кокс бар. Қытай еліне Зайсан өзеніне дейін Ертіспен жеткізгісі келеді. Оған біздің портты, кемелерді пайдаланғысы келіп отыр.

Әзірге баржалардың кедергісіз жүруіне су деңгейі жеткілікті. Көп ұзамай өзен суы тартыла бастайды. Жүк тасымалдау кезінде қиыншылықтар өзеннің Ресейге қарайтын бөлігінде туындайды. Шыны керек, кеме жолдарын дамытуды көрші мемлекет құнттамай келеді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Осы категория бойынша: « Талдықорғанда «Асар» ынтымақтастық форумы өтті АХҚО-ның ашылуына санаулы күндер қалды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы