365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысына жұмыс сапарымен барған Елбасыға кәсіпорын басшылары ұсыныстарын жеткізді

  • 320
  • UPD: 23:13, 17.07.2018

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысына сапары барысында бірқатар кәсіпорынды аралады.

Осы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру мәселесін талқылады.

Павлодар – өндірісті өңір. Аймақта зауыт-фабриканың түр-түрі бар. «Индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бірталай өндіріс іске қосылған. Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше кәсіпорынды аралады. Алғашқы аялдаған нысан – алюминий өңдейтін «GiessenHaus» автокөлік жинақтайтын зауыттармен серіктес. Алюминий кластерін дамытуға сеп.

Зауыт Павлодар арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Былтыр ашылған кешен 36 мың тонна алюминий өңдеуге қауқарлы. Жобаның жалпы құны – 4,8 млрд доллар. Мұнда бокситтен бастап, алюминий өндірілгенге дейінгі барлық өңдеу ісі жүргізіледі. Яғни қоспалы алюминий. Дайын өнімнен автокөлікке арналған дисктер, теміржолға рельстер жасалады. Елбасы тапсырмасымен құрылған арнайы экономикалық жаңа өндіріс ошақтары жұмыс істейді. Өндірісті өңірде соның ықпалынан шикізат экспорты азайып, шетелдерге дайын тауар шығарады.

Айбек Тұрсынғалиев, Павлодар арнайы экономикалық аймағының төрағасы:

– Қазір аймақта 8 жоба іске қосылды. Оның жалпы құны – 50,4 млрд теңге. Соның ішінде 6 млрд – тікелей шетелдік инвестициялар. Біздің арнайы экономикалық аймақта осы жобалармен қатар тағы 7 жоба жұмыс істейді. Олар химия, мұнай химия саласында. Каустик зауыты каустик содасын өндіреді және хлор өндіреді.  Агрохимпрогресс пестицид, гербицид, упенко мұнайдан шикізат өндіреді. Осындай жобалар іске қосылып жатыр.

Қазір толық қуатына көшкен кейбір кәсіпорындар ішкі нарықтан импорттық тауарларды ығыстырып отыр.

Өңір қазынасына қомақты кіріс түсіріп отырғандардың бірі – «Қазэнергокабель». Қуат, бақылау, телефон кабельдері, электр, әуе, троллейбустар, телефон сымдары, өнеркәсіптік жарылыс жұмыстарына арналған сымдар. Тіпті ғимаратқа жылу беретін болат кабелі де бар.

Мұның бәрі – зауытта өндірілетін өнімдердің бір бөлігі. Жалпы саны 7 мыңнан асады. Ішкі сұраныстан бөлек, Ресейден тапсырыс көп. Арзан Қытай өнімдеріне қарағанда, отандық өндірушілер сымды таза мыстан жасайды. Отқа төзімді.

Юрий Балан, «Қазэнергокабель» АҚ коммерциялық бөлімі  директорының орынбасары:

– Біз «Индустрияландыру» бағдарламасына белсенді атсалысып отырмыз. Өзімізде өндірілген өнімнің сапасын бақылап отырамыз. Арнайы зертханамыз да бар. Онлайн жүйе арқылы қоймадағы артық тауар мен қолданыстағы жобаларды қашықтықтан бақылай аламыз. Осы арқылы баға саясатын бекітіп, өнім сапасын бақылаймыз. Электронды жүйеде жұмыс істеу жеңіл.

Экономиканың екпінін ұстап тұрар алуан-алуан сала бар. Соның бірі – мұнай-химия. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар мұнай өңдеу зауытын да аралады.

Озық жүйенің игілігін ел көруі тиіс. Алып кешен былтыр толықтай жаңғыртудан өткізілді. Ол үшін 180 млрд теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде қуаттылығы артып, қазір жылына 5 млн тоннадан аса мұнай өңдеуге қауқарлы. Мұнда 2 мыңға жуық адам еңбек етеді. Елбасы мұнай өңдеу зауытында жас мамандармен де тілдесті. Шетелде білімін толықтырып, туған жерге оралған кадрлардың жұмысына сәттілік тіледі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Өзіміздің ұлтымыздың мамандарын көргеніме қуаныштымын. Баяғыда мұндай зауыттарға бізді жібермейтін. Қазір міне, жігіттер оқуды бітіріп, маман болып келіп жатыр. Бұлардың барлығы өседі.

Күрделі жөндеуден кейін өнімнің сапасы да жақсарды. Яғни ауаға тарайтын күкірттің көлемі төмендеп, жанар-жағармай еуростандартқа көшті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

–  Павлодарский нефтеперерабатывающий завод - был последний самый современный завод, который строился при СССР. Я принимал участие с самого начала в создании завода. И сюда закладывалась самая современная технология по тем временам, до сих пор завод таким остается. Я очень рад встретиться здесь, мы реконструировали все три нефтеперерабатывающих завода, подняли мощности и закрыли полностью дефицит Казахстана по всем видам топлива, гсм, бензина, даже авиационного топлива, которого у нас не хватало, мы завозили. Вы работаете на самом современном заводе.

Елдегі химия-технология саласының кластері индустриялық-инновациялық бағдарламаның негізінде қалыптасты. Зауыт жоғары сапалы өніммен ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, Ресей, Өзбекстан, АҚШ, Қытай сынды елдерге де жөнелтіп жатыр. Бастысы, өндіріс орны еңбек өнімділігін арттыратын заманауи теxнологиялармен жабдықталған.

Андрей Недашковский, Павлодар мұнай өңдеу зауыты қондыру бөлімінің бастығы:

– Мен «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ресейде білім алдым. Мамандығым химик-технолог. 2009 жылдан бері Павлодардағы мұнай өңдеу зауытында жұмыс істеймін. Осыған дейін екі ірі жобада атсалыстым. Қазіргі құрылғыларды орнату бөлімінің басшысымын. Зауытқа толықтай жаңғырту жүргізілген соң жаңа бағытта ізденіп жатырмыз.

Сұлтан Оспанбек, Павлодар мұнай өңдеу зауыты өндірістік бөлімнің инженері:

– Осы жаңарту және жаңғырту жобасынан кейін біздің басты мақсатымыз – жоғары октанды К-4 сапалы экологиялық стандартқа сәйкес өнім алу болатын. Біз мақсатымызға жеттік. Осы күні АИ-92, АИ-95, АИ-98 және дизель отындарын К-4 экологиялық стандартына, сапасына сәйкес жанармай отындарын аламыз.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі – «Қазақстанның киелі жерлері». Павлодар облысында киелі жерлердің картасына 78 нысан іріктелді. Соның бесеуі республикалық тізімге еніп отыр. Елбасына атқарылған істердің бір парасы таныстырылды. «Туған жер» арнайы жобасы бойынша атқарылған істің бірі – 19 ғасырдың тарихи тұлғасы Сұлтанбет Сұлтанның тарихи ордасының қайта қалпына келтірілуі. Абылай ханның немере ағасы – толық зерттелмеген тұлғаның бірі.

Тимур Смағұлов, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті «Марғұлан» орталығының жетекшісі, археолог:

– Біздің орталық Ертіс жағалауында археологиялық қазбаларға зерттеу жүргізді. Павлодар аймағындағы қасиетті орындардың картасы әзірленіп, бұл тізім оқулықтарға қосылады. Үш ғасыр бұрын Ертіс маңы мемлекет қайраткері Сұлтанмұхамед Бахадүрдің ордасы болған жерді таптық. Дипломатиялық бағытта жазылған жазбалар оның көреген саясаткер болғанын айғақтайды.

Халықтың әл-ауқаты қалай, аймақта не тындырылып жатыр, күнгей-көлеңкелі мәселелер бар ма? Бұл Елбасының әкімдерді қаққан қазықтай тұрғызып, ең алдымен сұрайтыны осы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мәдениеті бай, түрлі ұлт өкілдерінің орталығы болып отырған Павлодар өлкесіне, Ертіс өңіріне келіп, сіздермен жүздескеніме өте қуаныштымын. Облыстық барлық халқымен сұхбаттасып отырмын деп санаймын. Оның үстіне біз Сұлтанмахмұт Торайғыровтың кітапханасында отырмыз. Себебі биыл 125 жылдығын атап өтетін қасиетті бабамыз бар болғаны 27 жыл өмір сүріп, артына үлкен қазына қалдырған. Өзінің сөзімен, жазған өлеңдерімен бүкіл қазақтың із қалдырған азаматтарының бірі деп санауға болады. Қазір біз осы аймақтың өсіп-өркендеу, елімізде қабылданып жатқан бағдарламалардың орындалу мәселесі мені ойландырады.

Павлодар облысының экономикалық өсімі 3,6 пайызға жетті. Өңірдің жалпы ішкі өнімі биыл алғаш рет 2 трлн теңгеден асты. Өсім өнеркәсіп, энергетика, транспорт пен  тұрғын үй құрылысында байқалады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ол үшін өте көп жұмыс жасауымыз керек. Неше түрлі бағдарламаларды қабылдап жатырмыз. Жаңғыру бағдарламасы, оның алдында Төртінші революциялық бағдарлама. Ол – ғылым мен техниканың жоғарғы дәрежеде болу мәселесі. «Рухани жаңғыру», кейінгі бес бастама бар. Енді міне «Цифрлық Қазақстан» ұлтымыз бәсекеге қабілетті болу үшін, ғылым мен техникаға жастарды тәрбиелеу мәселесін, мамандар даярлау мәселесін жоғары ұстауымыз керек. «Цифрлық Қазақстанның» ішінде Павлодарды үлгілі өңір ретінде қабылдап отырмыз.

Өткен жарты жылда аумағы 80 мың шаршы метрден асатын тұрғын үй пайдалануға берілген. «Бес әлеуметтік бастама» аясында көрсеткіштер өседі деген сенім мол. Өндірісті аймақта жаз мезгілі қысқа болса да ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыру – басым бағыттардың бірі.

Болат Бақауов, Павлодар облысының әкімі:

– Өңір тек өндірістен ғана емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге ерекше ден қойып отыр. Өнімдерді қайта өңдеу 6%-ға өсті. Қант қызылшасын өсіріп, сынақтан өткіздік. Қызылшадағы қанттың көрсеткіші 22 пайызды көрсетті. Бұл оңтүстікте өсірілген қызылшадан 6-7 пайызға жоғары.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынатын әлеуметтік нысандар, несиелендіру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, сырттан инвестиция тарту – қай өңір болмасын, күн тәртібінен түскен емес. Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлерді жөнсіз тексеріп, қағазбастылықтан арылтуға шақырды. Бұл істе цифрландырудың да көмегі тимек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– По итогам первого квартала выпуск и МСБ снизился еще на 16 %. Надо использовать все резервы роста МСБ. Нужно повышать их деловую активность. Постоянно говорю – крупнейшие государства, у той же  Германии 70% экономики за счет МСБ, а какая индустрия, какие машины делают. Кризис был –  Германия не шелохнулось.

Өңірде ауызсу мәселесі өткір тұр. Бүгінде мұндағы 370 елді мекеннің 76 пайызы тіршілік нәрімен қамтамасыз етілмеген. Елбасы осы түйткілге жедел шешім қабылдап, жұмысты ширатуды тапсырды.

Болат Бақауов, Павлодар облысының әкімі:

– Бізде қиыншылықтар бар. Екі жыл бұрын сумен қамту көрсеткіші 12 пайыз болған, республикалық қазынадан бөлінген ақшаның арқасында өткен жылы 23 пайызға жетті. Кеңес заманынан бері Баянауылда мүлдем су болған емес. Қазір су құбырларын тартып жатырмыз. 21 млрд теңге қазынадан, одан бөлек шағын ауылдарға облыстық қазына есебінен құбырлар тартуды қолға алдық. 2021 жылға дейін осы көрсеткішті 70 пайызға жеткіземіз.

Облыс әкіміне жүктелген тағы бір міндет – Ертіс өзенінің бойында бос жатқан суармалы егіс алқаптарын көбейтіп, суды үнемдеу.

 

Елбасымен емен-жарқын сөйлескен аймақ атқамінерлері мен кәсіпорын басшылары өз ұсыныстарын айтты.

Александр Машкевич, «Еurasian resources group» директорлар кеңесінің төрағасы:

– Біз сіздің тапсырмаңызға сәйкес өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеуді жаңғыртуға бағытталған бағдарламаны әзірлеп жатырмыз. Енді сізден қолданыстағы экологиялық және салық кодексіне өзгерту енгізу мәселесіне көңіл аударуыңызды сұраймыз. Және кәсіпкерлерді қайта төленетін экологиялық салықтан босатуға қолғабыс етсеңіз. Бұл қалдықтарды қайта өңдеуге көмек болар еді.

«Цифрлық Қазақстан», «Бес әлеуметтік бастама», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясында жасалған жұмыстарды Елбасы саралап, бағасын берді. Барлық атқарылатын іс қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуы тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Облыс әкімі жаман жұмыс істеп жатқан жоқ. Бұдан да жоғары жасауға болады. Оң баға бере аламын. Жүргізіліп жатқан реформалардың барлығы халықтың әл-ауқатын жөндеу болып саналады. аянбай еңбек етуіміз керек.

Аймақ қарқынды дамып келеді. Кешенді құрылыстар, жаңа нысандар ауқымды инвестиция өңір билігінің де, аймақ халқының да еңбектен қашпайтынын, тыным таппайтынын көрсетеді.

Авторлары: Әсем Қабылбек, Ербол Дайыров, Руслан Жәкеев

Осы категория бойынша: « Бақытжан Сағынтаев бюджет қаражаттарын пайдалану тиімділігін арттыруды тапсырды Тимур Сүлейменов: ЖІӨ өсімі бес айда 3,9% құрады »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы