365.49 420.50 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде ұн комбинатындағы роботтың арқасында еңбек өнімділігі 4 есеге артқан

  • 128
  • UPD: 14:45, 14.10.2018

Ақтөбедегі ең ірі диірмен-ұн комбинаты экспорт көлемін арттыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір дайын өнімнің 15 пайызын Орта Азия елдері мен Ресейге тасымалдап отыр. Біраз елдің нарығын бағындырған компания Қытай еліне шығуды көздейді. Тәулігіне 550 тонна бидай өңдейтін комбинат ел тәуелсіздігін алған жылы ашылған. Содан бері, бірнеше рет жаңғыртудан өтті.

Жаңа цехтағы мына робот қондырғы 4 адамның жұмысын істейді. Ұн толы қапшықтарды әп-сәтте жинап береді. Құны 80 млн теңге болатын желі орнатылғалы, еңбек өнімділігі 4 есеге артқан. Кәсіпорын басшылығы мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, жеңілдетілген несиеге тағы бірнеше автоматты желі алуды жоспарлайды.

Арман Елекешев, кәсіпорынның өндіріс жөніндегі басшысының орынбасары:

– Робот өнімділігі 12 сағатта – 40 тонна, тәулігіне – 80 тонна. Мұның аналогы жоқ елімізде. Ол біздің комбинат бойынша бірінші қолданылып жатыр. Онымен тоқтап қалмай, «ақылды қойма» жобасын жүргізіп жатырмыз.

Комбинаттағы швейцариялық және италияндық 2 желіде халықаралық стандартқа сай өнім дайындалады. Ұн йод, темір және өзге де пайдалы заттармен нәрлендіріледі. Диріменге тек сұрыпталған бидай қабылданады. Комбинат жанындағы диірмен 150 тонна шикізат қабылдай алады.

Алмагүл Әбішова, зертхана басшысының орынбасары:

– Біздің өнімдер ЕЭО сәйкестік декларациясымен расталған. Сонымен қатар, біздің өнім шетелдік стандартқа сай, халықаралық талапқа сай жұмыс жасаймыз.

2016 жылы комбинат Армения және Әзербайжан нарығына шыға бастады. Аталған елдермен әріптестік қарым-қатынасты нығайту және маркетингті дамыту жұмыстары үздіксіз жүруде. Әсіресе, Ресей нарығында сұраныс жоғары. Дайын өнімді көршілерге кедергісіз сату үшін, кедендік одақ мол мүмкіндік берген.

Бекнұр Бейісов, диірмен-ұн комбинатының бас директоры:

– Біздің кәсіпорын өзінің өнімдерін Орта Азияға шығарып жатыр. Оның ішінде, Түрікменстан, Тәжікстан, Ауғанстан және Ресей Федерациясына. Елбасы өз Жолдауында экспортқа бағытталған өнім шығарушыларға қолдау айтты. Және соның бәрін Үкіметке тапсырды.

Комбинат жылына 120 мың тонна бидай өңдейді. 90 мың тонна ұн дайындайды. Мемлекеттен нақты қолдау тапқан серіктестік макарон фабрикасын ашты. Айына 1 мың тонна өнім шығаратын фабрикаға 500 млн теңге инвестиция құйылған. Макарон өнімдерінің 35 түрі италияндық технологиямен дайындалады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы