384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында биыл теміржол бойымен 4 млн тонна жүк тасымалданған

  • 1211
  • UPD: 22:20, 17.12.2018

Маңғыстау облысында биыл теміржол бойымен 4 миллион тонна жүк тасымалданған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аймақ рекордтық көрсеткішке «Нұрлы жол» бағдарламасының көмегімен қол жеткізді. Соңғы 5 жылда өңірде 3 бірдей маңызды темір жол желісі іске қосылды. «Шалқар-Бейнеу» батыс өңірін еліміздің солтүстігімен тікелей қосып, жолды қысқартса, Жаңаөзеннен Түркіменстан шекарасына дейінгі бағыт Қазақстанның Парсы шығанағына шығуына жол ашты. Ал Құрық порты арқылы өтетін барлық жүктер биыл салынған «Боржақты-Ерсай» теміржолымен тасымалданып жатыр. Осылайша, Қазақстанның транзиттік әлеуеті артып, Ұлы Жібек жолы қайта жаңғырды.

«Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында иен далаға жан бітті. «Боржақты-Ерсай» темір жолы арқылы күнбе-күн жүк тасымалданып жатыр. Мына жақтан Қытай мен Өзбекстан, Қырғызстан сияқты Орталық Азия елдерінен Құрық портына қарай жүк жөнелтілсе, Құрық порты бағытынан Еуропадан жеткен жүктер кері қарай тасымалданып жатыр. Осылайша, бұл шойын жол бүгінде халықаралық транзит саласындағы маңызды бөлікке айналды.

Небәрі 16 шақырымды құраса да, бұл шойын жолдың экономикалық маңызы зор. «Боржақты-Ерсай» теміржолы 2016 жылдың маусымында Елбасының қатысуымен өткен телекөпір кезінде іске қосылған болатын. Жаңа жолмен алдымен Құрық портын салуға қажетті құрылыс материалдары тасымалданады. Ал бүгінде бұл көлік дәлізімен елімізге Еуропа жүктері жеткізіліп, көк теңіз арқылы әлем елдерінің тауарлары жөнелтілуде.

Жылдық қуаты – 12 миллион тонна. 2020 жылға дейін бұл теміржолмен 300 мыңнан астам контейнерді жеткізу жоспарланып отыр

Жалғас Құдабаев, «Ерсай» станциясының бастығы:

- Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша өткен жүк вагондарының саны 21 мың 174 жүк вагоны. Штат бойынша 26 адам қызмет атқарып жатқан. Ауысымдық қызметпен жұмыс жасайды. Жұмыс орындары соңғы үлгідегі техникалық қызметпен жұмыс жасайды.

5 жыл бұрын іске қосылған «Өзен-Түркіменстан шекарасы» теміржолы да аймақтың транзиттік әлеуетін арттыруға үлес қосуда. Бұл – Қазақстан, Түркіменстан мен Иранды байланыстыратын халықаралық көлік дәлізінің бір бөлігі. Жол бойында 5 бекет пен қос станция салынды. Қазір шекарадағы «Болашақ» станциясында 600 адам тұрып жатыр.

Нұрдәулет Қилыбай, облыс әкімінің орынбасары:

- Бұл жоба тек қана импорт пен экспортты дамытып қоймайды және транзиттің өркендеуіне де үлкен ықпал етіп жатыр. Осы жол арқылы біздер Түркменстан, оның арғы жағында Иран, Парсы шығанағына өзіміздің жүктерімізді тікелей шығара аламыз. Бүгінгі таңның өзінде 11 айдың өзінде жүк тасымалы 1 миллионнан асып отыр. Және болашақта бұл жол арқылы біздер жолаушылар тасымалын да ұйымдастырамыз деген жоспарымыз бар.

Аймақ экономикасының дамуына тың серпін берген тағы бір жоба – «Бейнеу-Шалқар-Жезқазған» теміржол желісі. Бұл еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі жаңадан салынған ең ұзын теміржол. Жаңа жолдың 142 шақырымы Маңғыстау аймағы арқылы өтеді. 7 ірілі-ұсақты теміржол бекеттері салынып, Қазақстан картасында жаңа елді мекендер пайда болды. 1,5 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылды. Жол жүру уақыты 10 сағатқа қысқарып, билет бағасы 11%-ға арзандады.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы