378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанның салық жүйесі шетелдік инвесторларға қолайлы

  • 244
  • UPD: 12:18, 25.12.2018
Қазақстанның салық жүйесі шетелдік инвесторларға қолайлы

Ыстамбұл қаласында өткен Қазақстан-Түркия бизнес-форумына қатысушы кәсіпкерлер осында пікірде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың айтуларынша, елдегі экономикалық әлеует, өңірлік және халықаралық мәселелерді шешудегі сындарлы саясаты, экономикалық тұрақтылығы Қазақстанның Еуразия құрлығындағы маңызды елдердің біріне айналдырды.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, мен Қазақстан-Түркия іскерлік кеңесі бірлесіп Қазақстан-Түркия бизнес-форумын өткізді. Оған түрік және қазақ кәсіпкерлері қатысты. Форум барысында Қазақстан экономикасындағы соңғы өзгерістер, еліміздің инвестициялық заңнамасы және инвесторлар үшін ынталандыру салалары кеңінен қарастырылды. Қазақстан Инвестициялар және даму министрлігі инвестиция комитетінің төрағасы Ерлан Хаиров еліміздегі шетелдіктерге, әсіресе, түрік инвесторларына арналған мүмкіндіктер жайлы сөз қозғап, екі ел арасындағы сауда қатынасының қазіргі жағдайы туралы ақпарат берді.

Ерлан Хаиров, ҚР ИДМ Инвестиция комитетінің төрағасы:

- Қазақстандағы түрік инвестицияларының жалпы көлемі шамамен 3 миллиард долларды, сәйкесінше, Түрік еліндегі қазақ инвестицияларының көлемі 1 миллиард долларды құрап отыр. Олардың басым бөлігін қызмет саласы, текстиль мен машина жасау және тау-кен өндірісі. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 25% артып, 2 миллиард долларды құрады. Елімізде қазіргі таңда 1900-дан астам түрік кәсіпорындары жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ Түркияда да бірқатар қазақ кәсіпорындары істерін дөңгелетіп отыр.

Түркия-Қазақстан Іскерлік кеңесі басқармасының төрағасы Мерт Сарының айтуынша, Қазақстанда инвестиция салу арқылы Орталық Азия мемлекеттері мен Қытай нарығына шығуға болады. Осы орайда, дұрыс сала таңдап, нақты бағдар жасау қажет.

Мерт Сары, Түркия-Қазақстан Іскерлік кеңесі басқармасының төрағасы:

- Баршамызға мәлім, Қазақстан - Орталық Азияның жарқыраған жұлдызы. Көптеген салаларда мүмкіндігі мол ел. Әсіресе, мал және ауыл шаруашылығы, химия және тау-кен өндірісі саласында инвестиция салуға ыңғайлы. Сонымен қатар 180 миллионға жуық көршілес елдердің нарығына Қазақстан арқылы қол жеткізу болады. Тап қазір түрік іскерлері тау-кен өндірісі саласында инвестиция жасау үшін қызу жұмыс жүргізіп отыр.

Шара соңында екі ел іскерлері ықпалдастықты арттыру бойынша пікір алмасып, инвесторларға арналған жеңілдіктер бойынша ақпарат алды.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Седат Денли

Хабар 24 телеарнасы