378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нормандияда еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

  • 363
  • UPD: 22:43, 10.02.2019

Сенатор Натали Гуленің шақыруымен Франциядағы Қазақстан елшілігінің делегациясы осы аймақты аралап, бірқатар іскерлік кездесулер өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Олар әлемге ірімшігімен танымал Камамберде де болды.

Бұл ірімшік зауытына кіріп, технологиясымен танысуға әркімнің қол жете бермейді. Дегенмен кәсіпорын басшылығы қазақстандық димпломаттарды жылы шыраймен қарсы алды. Өнім түрлерін көрсетіп, камамбер әзірлеудегі тәжірибелерімен бөлісті. Қазақстандағы сүт нарығының жағдайын да сұрап жатыр.

Шарлотт Флешар, ірімшік зауытының экспорт жөніндегі директоры:

- Соңғы кезде көптеген елдерде сүт өнімдеріне деген сұраныс артып келеді. Әрине, оның ішінде біздің камамбер өнімдері де бар. Бізді әсіресе Қытай нарығы қызықтырады. Қазақстан туралы да білем. Сіздерде азық-түлікке қойылған санитарлық талаптар Ресейдікімен өте ұқсас. Біз Еуропа нарығымен ғана шектеліп қалғымыз келмейді. Жұмыс ауқымын одан әрі кеңейтетін боламыз.

Зауыт жұмысы негізінен қолмен атқарылады.  Бұл өндірістік жағдайда камамбердің технологиясын сақтау үшін қажеті. Жалпы, Францияда  ауыл шаруашылығы мемлекеттің қолдауына тәуелді. Бізден айырмашылығы азық-түлік нарығында бәсекелестік әлдеқайда жоғары. Сапа мен шығындарды оңтайландыру бағытындағы талап та күшті. Бірақ тәжірибелерімен  бөлісуден қашпайды.   

Натали Гуле, Сенат депутаты:

- Менің ойымша, Орна департаментінің сарапшылары мен мамандары Қазақстанға баруы мүмкін. Олар осы бағытта бірлесе қандай іс-шаралар атқару қажеттігін және технологияны жетілдіру жолдарын талқылауы тиіс.

Нормандиялық кәсіпкерлердің Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенімен жақын танысуына мүмкіншілік жеткілікті. Соның бірі осы жазда Ренн қаласында екі елдің ауыл шаруашылығы форумы өтеді. Оған ірімшік жасаушылар да қатысады.

Хабар 24 телеарнасы