379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қазақстанның даму банкі» кредиттік қоржынын бес жылда 4,5 есеге ұлғайтты

  • 99
  • UPD: 15:10, 12.04.2019

«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – «Қазақстанның даму банкі» кредиттік қоржынын бес жылда төрт жарым есеге ұлғайтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы басқарма төрағасы Болат Жәмішев арнайы баспасөз жиынында мәлімдеді. Оның айтуынша, өткен жылы банктің кредиттік қоржыны 1 триллион 700 млрд теңгеге жеткен.

«Қазақстанның даму банкі» еліміздегі өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды қаржыландырады. Айталық өткен жылдары банк энергетика, металлургия, көлік және логистика сынды өнеркәсіп салаларында 225 миллиард теңге сомасындағы 9 ірі жобаны қаржыландыруға шешім қабылдаған.

Болат Жәмішев, «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасы:

- Өткен жыл Қазақстанның бүкіл банк жүйесінің орнықтылығына жүргізілген сынақтар кезеңі болды. Валюта бағамының құбылмалылығы - «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша «Қазақстанның даму банкіне» әріптес коммерциялық банктердегі ахуал, қаржылық есептіліктің жаңа халықаралық стандартының енгізілуінің бәрі банктің тәуекел-менеджмент жүйесіне оңай тиген жоқ. Бірақ біз осынша күрделі жағдайларға қарамастан, өткен жылды оң нәтижемен қорытындыладық.

Өткен жылы «Қазақстанның даму банкінің» қатысуымен қаржыландырылған 6 ірі жоба пайдалануға берілді. Сонымен қатар банк оңтүстік өңірлерден Нұр-Сұлтан қаласына газ құбырын тарту мәселесін қаржыландырмақ.

Сандуғаш Кенжебаева, «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарушы директоры:

- «Қазақстанның даму банкі» 51 млрд теңге сомада Еуразия даму банкіне несие береді. Ал Еуразия даму банкі үстіне тағы 51 млрд теңге қосып, Астана газ жобалау облигациясын сатып алады. Қазір несиелік келісім жасау үшін Еуразия даму банкінің уәкілді орындарынан тиісті шешім күтіп отырмыз.

Банк активтеріндегі кредиттік қоржынның үлесі өткен жылдың соңында 67% дейін артқан. Банктің таза пайдасы 3,2 млрд теңгені құрады. Яғни кредиттік қоржынының сапасы жақсы деңгейде қалып отыр.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы