378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жетісайлық қырыққабаттар Ресейге экспортталып жатыр

  • 313
  • UPD: 13:59, 19.04.2019

Түркістан облысы Жетісай ауданының диқандары көктемнің алғашқы өнімін жинап жатыр.

Қазіргі таңда аймақта қаңтар айында егілген қырыққабат теріліп, Ресейге экспортталуда. Жалпы биыл аудандағы ерте егілген көкөніс көлемі 1417 гектарға жетіп отыр. Оның 1022 гектары қырыққабатқа тиесілі.

Қырыққабатты қаңтар айының басында ектік. Арнайы дәрумендерін бердік. Биыл баға да жақсы. «Қырыққабаттың келісін 210 теңгеден саудалап жатырмыз», – дейді шаруа қожалық иесі Тимур Бөгенбай. Жас та бола үлкен кәсіпке бет бұрған ол 14 гектар жерге қырыққабаттың мирор, кевин атты сұрыптарын егіпті. Одан 300 тонна өнім алмақ. Қазір диқан Әль-Фараби ауылындағы 50-ден астам тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.

Тимур Бөгенбай, диқан:

– Екі жылдан бері осы кәсіпті қолға алдым. Жаман емес. Толығымен әрі кетсе 10-15 күнде жинап бітемін. Одан кейін орнына қайтадан қауын егемін.

«Шаруалардың қуанышында шек жоқ. Жыл басынан бері төккен тер, шыққан шығын еш кетпеді», – дейді. Ауданда қазірдің өзінде 40 мың гектар жер тырмаланып, 25 мыңнан астам гектар қопсытылыпты. Биыл аудан бойынша 45 мың гектарға мақта шитін себу көзделген.

Жамантай Бейсенбаев, Жетісай ауданының әкімі:

– Бұрын қырыққабат, қауын-қарбыз тағы да басқа көшетттердің барлығын көршілес Өзбекстан Республикасынан Сарыағаш, Абайдан алып келетін болсақ, бүгінгі таңда 80 миллионнан астам көшетті өзіміздің жылыжайларда дайындадық.

Көктемгі дала жұмыстарын қарқынды жүргізуде әсіресе Жылысу ауыл округі алда келеді екен. Мұнда бүгінде жалпы егілген егіс көлемі 9680 гектарды құрайды. Айта кетейік, биыл ауа райы қолайлы жері шұрайлы ауданда 77 мың 274 гектар жерге егін егілетін болады.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы