378.59 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлттық валютамен төлеу қаншалықты тиімді?

  • 196
  • UPD: 12:47, 24.04.2019

Еуразиялық экономикалық одақ елдері сауда қатынасындағы ұлттық валюталарды қолдану аясын кеңейтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экономистер мен кәсіпкерлердің біршамасы бұл шешімді қолдап отыр. Бұл әрине одаққа мүше елдердің экономикасына оң әсер етуі тиіс. Еуразиялық экономикалық одақ бұл бағытта қандай істер атқарады? Және мұндай инновациялық тәсілден кімдер ұтады?

Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде ұлттық валюталардың қолдану аясын кеңейту туралы бастама алғаш рет Алматыда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес кезінде көтерілді. 2019-2020 жылдарға арналған жоба сауда-саттықтағы кейбір кедергілерді реттеуі тиіс. Әрі сертификаттарды мемлекетаралық деңгейде тану және нарықты реттеудің ұлттық тетіктерін бірыңғайландыру да көзделген. Ұлттық валютаны енгізу Еуразиялық одақтың сыртқы экономикалық факторлардан қорғап, төлем жасау уақытын қысқартады. Бұл өз кезегінде мемлекетаралық сауда айналымын нығайта түседі.

Ярослав Романчук, экономист:

– Дүниежүзілік сауда ұйымының құрамында Қазақстанның жұмыс істегеніне бірталай болды. Сондықтан еркін сауда айналымы мен жеке кәсіпкерліктің маңызын жақсы түсінеді. Беларусьтің экономикасы орталықтандырылған әрі жоспарлы экономика болғандықтан, әзірге басқаша реңде жұмыс істейді. Әрине экономиканың басты тірегі – мемлекеттік саясат. Бұл ретте Қазақстан нарықтық экономиканың заманауи институттарын құру бойынша өз тәжірибесімен бөліссе, Беларусь еліне көп пайдасы тиер еді.

Ұлттық валюталарды нығайту жөніндегі ұсыныс одақтың интеграциялық даму бойынша декларациясына енгізілген. Сондай-ақ ол еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025-жылға дейінгі стратегиялық жобасында да белгіленген. Сарапшылар мұны өзара байланыстың нақты қадамы ретінде бағалайды.  

Вадим Боровик, саясаттанушы:

– Осылайша сауда қатынасын реттеудегі керексіз буынды сылып тастамақпыз. Егер Қазақстан мен Беларусь қаржылық тәртіпті ұстанатын болса, яғни макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етсе, инфляциялық тәуекелдер деңгейі төмендейді. Ұлттық валюталардың девальвациялау тәуекелі де азаяды. Тікелей саудаға жол ашылады. Сауда-экономикалық операцияларды жасау да жеңілдей түседі. 

Жалпы соңғы жылдары Еуразиялық экономикалық одақ экономикалық басқару институттарын жетілдіре түсті. Бұл өз кезегінде, макроэкономикалық көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік берді. Дей тұрғанмен, ұлттық валютаны енгізу мәселесі әлі де кеңінен талқыланады. Әр елдегі бизнесті өрбітудің қыр-сырын білу үшін жобаны жан-жақты саралауда кәсіпкерлер де атсалысады.

Авторлары: Дмитрий Лукша және Константин Никаноров

Хабар 24 телеарнасы