382,75 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биылғы бес айда бюджеттен 49 млрд теңге игерілмеген

  • 96
  • UPD: 19:50, 11.06.2019

2019 жылдың алғашқы 5 айында республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың 49 миллиард теңгесі игерілмеген.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары, Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді. Оның айтуынша,  бұл жағдай өз кезегінде жыл соңында бюджет қаражатын тиімсіз игеруге алып келуі ықтимал. Жиында бұдан басқа тағы қандай мәселелер көтерілді? Әріптесім Нұршапағат Несіпбаев баяндайды. 

Әлихан Смайылов осыған дейін де қазынадан бөлінген қаражатты тиімді жұмсай алмай отырған орталық және жергілікті органдардың атын атап, түсін түстеген болатын. Бюджетті игеру мәселесі жарты жыл өтпей жатып, Қаржы министрінің баяндамасында тағы да көрініс тапты. Сала жетекшісі қомақты қаражаттың жаратылмау себептерін де атап өтті. Мәселен, кей мекемелер мемлекеттік сатып алуға берілген мерзімді созып отырған көрінеді. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, қаржы министрі:

- Осындай жұмыстың нәтижесі жыл соңында тиімсіз игеруге әкелуі мүмкін. 2018 жылдың есебін Парламентте  талқылау кезінде бюджет қаражатының  тиімділігі  басты мәселелердің бірі болды. Сондықтан, бюджеттік бағдарлама әкімшілері мен жергілікті атқарушы органдар жарты жылдықтың қортындысы бойынша конкурстарды барынша аяқтауы қажет.

Бюджетті уақытылы игермеген мекемелердің арасында Цифрлық даму, қорғаныс және  аэроғарыш министрлігі, орталық сайлау комиссиясы, қорғаныс министрлігі және жоғарғы сот бар. Ал аймақтар жайлы айтар болсақ, Нұр-Сұлтан қаласы, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстары өзгелерден алда келеді. Жалпы, өңірлерге қарастырылған қаржының 7 миллиард теңгесі әлі игерілмепті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, қаржы министрі:

- Игерілмеудің негізгі себептері: мемлекеттік мекемелерді қайта ұйымдастыру, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, қазынашылық органдарына тіркеуге шарттар мен қосымша келісімдерді кеш ұсыну.

Бір ай ішінде инвестиция көлемі артып, 6,7 проценттен 7,8-ге дейін жетті. 5 айдағы негізгі көрсеткіштерді жіпке тізген Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов осылай деді. Оның айтуынша, өзге салаларға қарағанда ауыл шаруашылығы мен құрылысқа тартылған қаражат 1 жарым есе көбейген. Инвестицияның маңызын премьер-министр Асқар Мамин де атап өтті.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын толықтай жүзеге асыру біздің ортақ міндетіміз. Оның негізінде, экономика және инфрақұрылымды тұрақты даму, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау мәселелерін жақсарту арқылы халықтың табысын және өмір сүру сапасын арттыру бар. Соның ішінде жаңа жұмыс орындарын ашу Үкімет жұмысының басымдық міндеті болып табылады. Ол жаңа өндірістердің ашылуына тікелей байланысты. Ал инвестициясыз жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл өте маңызды міндет.  

Бүгінгі Үкімет отырысында негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер де сөз болды.  2019 жылдың 5 айында жалпы ішкі өнім өсімі 4 процентке жетті. Ал инфляция деңгейі 5,3 проценттің шамасында сақталып тұр.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы