386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанға қаржы құюға ниетті кәсіпкерлер қатары артып келеді

  • 107
  • UPD: 20:54, 13.08.2019
Түркістанға қаржы құюға ниетті кәсіпкерлер қатары артып келеді

Туризмі түлеген Түркістан шаһары алдағы уақытта өндірісі өркендеген өңірге айналмақ. Соңғы 1 жылда Түркістанға қаржы құйып, іс бастағысы келетін қалталы азаматтардың қатары көбейген. Шаһардағы шағын және орта бизнестің даму қарқыны қалай? Жалпы жергілікті кәсіпкерлер не өндіреді? 

Түркістанда қатты жиһаз шығару ісі жедел дамып келеді. Мына фабрика бұған дейін шеттен тасымалданып келген жиһаз түрін енді өздері шығара бастаған. Мұнда жиһаздың 40-қа жуық түрі өндіріледі. Фабрика басшылығы қызметкерлердің шеберлігін шыңдау үшін Түркия мен Италиядан арнайы мамандар алдырып отыратынын айтады. Кәсіпорындағы бірнеше цехта 100-ден аса маман жұмыс істейді. Ал жаңа технологияны Қытай мен Германиядан алдырған. «Өнім еліміздің барлық өңірлерінде де сатылады» дейді кәсіпкер.  

Ұйғын Әбішев, жиһаз фабрикасының басшысы:

- Қазір негізінен техника жұмыс істеп жатыр. Техника жұмыс істеген соң фабрикалық болып шыға береді. Жұмыс 90 пайыз автоматтандырылды. Сапасы Белорусь пен Украинаға жетті. Сапа жағынан ешқандай арыз-шағым жоқ. Өзімізден сұраныс боп жатыр. + Өткен жылы 120 млн теңгенің өнімін өндірдік. Биыл одан да көп шығармыз.

Ал түркістандық Еркебай Жыңғылбаев 4 жылдан бері құрылыс пен шаруашылыққа қажетті темір торлар шығарумен айналысады. Былтыр қаладағы индустриялды аймақтан жер алып, үлкен ғимарат салыпты. Қазір мұнда шарнирлы тор, сылақ пен қалауға және үлкен аумақты қоршауға арналған 4 түрлі тор шығарылады. Кәсіпорын жылына 112 млн теңгенің өнімін өндіруге қауқарлы. Дайын өнімді Қазақстаннан бөлек, көршілес Қырғызстанға жөнелтіледі. Еркебайдың ендігі арманы үкіметтің қолдауына ие болып, грантқа ілігу. Кәсібін кеңейтіп, өнім көлемін ұлғайту.

Еркебай Жыңғылбаев, кәсіпкер:

- Сұраныс бар, көп. Ендігі арманымыз жақында құрылғыларына тапсырыс беріп қойдық, мынау 3D сеткаларды жақын арада шығармыз деп отырмыз. Бірінші өзімізді қоршаймыз, одан кейін осы индустриалды аймақтың барлығын қоршап, отандық өнімді дамытсақ, елімізде жұмысшыларды қолымызға алсақ жас жастарды деген арманымыз бар.

Шаһарда шағын және орта бизнеспен айналысатын 10 974 нысан тіркелген. Соңғы 5 айда олар 24 млрд теңгенің өнімін өндіріп, бюжетке 292 млн теңге салық түсіріпті. Әрі 26 мыңға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ биыл қаржы ұйымдары арқылы 306 млн теңгенің 51 жобасы қаржыландырылған. Жалпы, Түркістанда кәсіп ашқысы келетін азаматтардың саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге дейін өскен. Көбі дайын жер болса, іс бастауға әзір.

Гүлжамал Даханова, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- 40 гектар жерге орналасқан индустриалды аймақты 310 гектарға ұлғайту жұмыстары жүріп жатыр. Ол енді жәй индустриалды аймақ емес, халықаралық деңгейдегі индустриалды аймақ болады. Ол жерде тек өзіміздің Қазақстанның кәсіпкерлері емес, жалпы шетелдік инвесторларға жағдай жасау үшін әзірленіп жатқан жоба.

Дәл қазір Түркістанда 39 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 7-уі тамақ өндірісіне қатысты болса, 2-уі тоқыма бұйымдарын, ал 4-уі киім өндіреді. Сондай-ақ резеңке мен пластмасса бұйымдарын өндіретін, металл емес минералдық өнімдер шығаратын және жиһаз жасайтын цехтар да бар. Сонымен қатар су, жылу және электр құрылғыларын шығаратын, машина жасайтын кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Айта кетейік, индустриалды аймақтың құрылысына республикалық бюджеттен 4 млрд, ал облыстық қазынадан 1,4 млрд теңге қаржы қаралған. Индустриалды аймақ толық іске қосылғанда Түркістан қаласы өндірістік шаһарға айналмақ.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы