433,40 515.14 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ресей Украина тауарларының тасымалына рұқсат берді

  • 607
  • UPD: 14:28, 06.12.2019

1 желтоқсаннан бастап Ресей Үкіметі Украинаның бірқатар тауарының Қазақстанға тасымалына рұқсат берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Украина өнеркәсіп және кәсіпкерлер одағының вице-президенті Владимир Саченко арнамыздың Киевтегі меншікті тілшісіне айтып берді.

Украина кәсіпкерлер одағының құрамында 240 өнеркәсіп тіркелген. Қазақстанмен бірігіп жұмыс істейтін Украина кәсіпорындарының саны жиырмаға жетеді. Айталық, Украинаның Павлоград қаласында  жұмыртқа мен құс етін әзірлеу үшін жабдықтарды дайындайтын екі елдің біріккен кешені жұмыс жасайды. Жақын уақытта Ақмола облысында қос елдің біріккен жаңа өндіріс орны ашылмақ.

Владимир Саченко,  Украина өнеркәсіп және кәсіпкерлер одағының вице-президенті:

– Жаңа бірлескен кәсіпорын ашуды жоспарлап отырмыз, қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ақмола облысында коммуналдық қызметке қажет жабдықтарды дайындайтын өндіріс орнын ашпақпыз. Әсіресе, қыс мезгілінде тас жолдарды мұздан тазарта алатын машиналар және көлікке қажетті құралдарды әзірлейтін боламыз. Бұл екі елге де тиімді, дәл осындай жабдықтарды Еуропа елінен сатып алу әлдеқайда қымбат.

Ал 1 желтоқсаннан бастап, Ресей Үкіметі Украина тауарларының Қазақстанға тасымалына рұқсатын берген. Тасымал дегеніміз – Украина тауарларының Ресей арқылы Қазақстанға транзиті. Демек, бұған дейін машина құрастыру үшін Қазақстанға қажет Украина өнімдері біздің елге жете алмай, қиындыққа тап болып келген. Қазақстан өз кезегінде көлік құрастыруға қажет бұйымдарды Еуропа елінінен қымбатқа сатып алуға мәжбүр болған.

Владимир Саченко,  Украина өнеркәсіп және кәсіпкерлер одағының вице-президенті:

– Бірінші желтоқсаннан бастап Ресей транзитке рұқсат берді. Барлық тауар емес әрине, рұқсат – машина құрастыруға қажет бөлшектер, мысалы машина тораптарының транзитіне жол ашылды. Бұған дейін Украина тауарлары Қазақстанға екі паром: Потия қаласы мен Грузия  арқылы тасымалданып келген, бұл қымбат әрі қиын логистика. Бұл транзит ең алдымен Қазақстанға тиімді. Жұмыс орны сақталады. Украина тауарлары сапалы әрі арзан.

2020 жылы Украинаның Полтавск машина құрастыру зауыты Қазақстанның барлық аумағы бойынша мыңға жуық мал сою цехын ашуды жоспарлап отыр. Мұндай цех ірі қара мен жылқы малының етінен шұжық жасайтын желімен де қамтылатын болады.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Сергей Качанов

Хабар 24 телеарнасы