377,86 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да асылтұқымды мал үлесі артып келеді

  • 177
  • UPD: 09:15, 20.12.2019

Орал өңірі – еліміздің батысындағы ең аграрлы аймақ.

Өткен жылы Батыс Қазақстан облысынан 3 мың тонна ет экспортталса, биыл бұл көрсеткіш 5 мың тоннадан асқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төрт түліктің тек саны ғана емес, сапасы да артып келеді. Ал асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтардың саны соңғы 5 жылда 2,6 есеге көбейіп, 313-ке жетіп отыр.

Маңдай тердің өтеуін молымен қайтарып, еңбек өнімділігін арттыруда мал тұқымын асылдандырудың маңызы зор. Мұны ауылдағы ағайын жете түсінеді. Сондықтан да, әлі жеткендері қорадағы төрт түлікті асылтұқымға айналдырса, оған қаржысы жетпегендері кең көлемді селекция бағдарламасына қатысып, асылтұқымды бұқаларды табынға қосуда. Бұл көрсеткіш жөнінен Орал өңірі елімізде бірінші орында екен.

Жасұлан Халиуллин, облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

- Асылтұқымды малдың үлесі бүгінгі таңда сиырда 8,7%, қой 3,2%, жылқы 5,6%, түйе 12,9% құрап отыр. Селекциялық жұмыстар жүргізу өте маңызды. Бұл бағытта да тұқымдық түрлендіру және селекциялық асылдандыру жұмыстарын жүргізу үшін БҚО-да 150 мыңға жуық ірі қара малының аналығы асылтұқымды бұқалармен қамтылды. Ол – республика өңірлері арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

Асылтұқымды мал ұстаушы шаруашылықтардың саны соңғы 5 жылда 2,6 есеге артқан. Соның 82% зеңгі баба төлін өсіреді. Шаруалар қазақтың ақбасымен қатар герефорд және абердин-ангус сиырларына көңіл бөліп отыр. Ал сүтті бағытта голштин мен симментал тұқымы басымдыққа ие.

Ермек Боранбаев, ЖШС директорының орынбасары:

- Тиімді, әрине, асылтұқымды мал ұстаған. Сүтті бағытта қара ала сиырлар деп жатырмыз, бір сиыр күніне 17 литр сүт береді, жалпы мал бойынша. Сиырлар бар, күніне 40 литр беретін.

Асылтұқыммен шұғылданатын шаруаларды толғандыратын жайттар да баршылық. Соның бірі төлді сату жайы. Аналық малға субсидия тек несие алғандарға ғана берілсе, аталық малды сату үшін биылдан бастап бордақылау алаңы міндетті түрде болуы керек деген тәртіп енгізіліпті. Бұл өзгеріске шаруалар әзір болмадық, - дейді.

Тілеген Мусин, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Несие алған адам бізден мал алу үшін мал бордақылау алаңы болуы керек. Ол болмаса, басқа өңірден алуға тура келеді. Осы арада үлкен қиындықтар туып тұр. Енді ұрғашы малдар несие алса ғана беріледі. Өз ақшасына сатып алғанға субсидия жоқ.

Өңірдегі асыл тұқымды ірі қараның 70% - қазақтың ақбас сиыры. Ыстық-суыққа көнбіс, аса бір азық талғамайтын малдың отаны – Орал өңірі. Осы ірі қараның тұқымдық қасиеттері кемімеу үшін қан жаңғыртып, әлсін-әлі герефордпен шағылыстыруымыз керек, дейді мамандар. Алайда оған тыйым салынған көрінеді.

Мақсот Балқыбаев, қазақтың ақбас сиыр тұқымының республикалық палатасының өңірдегі өкілі:

– «Асылтұқымды мал туралы» заңының бірінші бабында жазылған асылтұқымды мал дегеніміз, бұл - қаны 15,6% кем емес мал болу керек деп. Егер біз рұқсатсыз герефорд тұқымын құйсақ, одан алынған төлді қазақтың ақбас тұқымы ретіне тіркемейді. Заң рұқсат етпей тұр.

Осындай бірқатар түйінді мәселеге қарамастан, Орал өңірінде мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда, ет экспортының екі есеге жуық артуы – сөзіміздің айғағы. Соңғы 4 жылда асылтұқымды шаруашылықтар мен тұқымдық түрлендіру жұмыстарына қатысқан қожалықтарға мемлекеттен 10 миллиард теңге субсидия төленген.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы