447,67 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлттық банк биыл 60 тонна алтын сатып алады

  • 192
  • UPD: 13:58, 06.03.2020
Ұлттық банк биыл 60 тонна алтын сатып алады

ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова ақпан айында Ұлттық қордан аударымдар туралы мәліметтерді жариялады. Сондай-ақ Ұлттық банктің алтын сатып алу жоспарлары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ақпан айында Ұлттық қордан бюджетке алынатын трансферт 263 млрд теңгені құрады. Кепілдендірілген трансфертті қамтамасыз ету үшін 462,5 миллион доллар немесе 175 миллиард теңге сатылды. Барлық көлемді бір айдың ішінде биржада саттық», - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ ол валюталық интервенцияның әсері туралы айтты.

«Алдын ала мәліметтер бойынша резервтер бір айда 550 млн долларға артып, 29,9 млрд долларды құрады. Қорлардың валюталық бөлігі 104 млн доллардан 9,6 млрд долларға төмендеді. Бұл алтын портфелінің құнын 658 млн доллардан 20,3 млрд долларға дейін ұлғайтумен толықты. Өз кезегінде алтын активтері 1580 доллардан 1626 долларға дейін өсті. Бұл әлемдік экономиканың баяулауына және тазартылған алтынның физикалық көлемінің 1,7 тоннаға артуына байланысты болды», - деді Әлия Молдабекова.

Ақпан айында жергілікті өндірушілерден 3,6 тоннаға жуық алтын сатып алынды, оның ішінде жаңа тұжырымдама аясында 1,9 тонна Ұлттық қорға сатылды.

«Өзіміздің елде өндірілген алтынды сатып алуды жалғастырамыз. 2019 жылы шамамен 57 тонна алтын сатып алынды, биыл 60 тоннаға жуығын сатып алуды жоспарлап отырмыз. Әлемдік қаржы нарығындағы белгісіздік жағдайында қазір алтын халықаралық резервтердің сақталуын қамтамасыз ететін қауіпсіз активтің бірі екенін көрсетеді», - деді Ә.Молдабекова. Сонымен қатар ол алтын валюта активтері мен Ұлттық қорға арналған инвестициялық стратегиялардың жобасы туралы айтып берді.

«Алтын валюта активтері тұрғысынан алғанда АҚШ долларының үлесі 52%-дан 62% дейін өсті. Бұл корей воны мен жапон иенасына салынған инвестициялардың азаюына байланысты болып отыр. Жаңа валютаны бөлу тәуекелдің қалыпты деңгейінде активтердің кірістілігін арттырады. Ұлттық қор жинақ портфелінің 1% дейін Қытайдың мемлекеттік облигацияларын инвестициялауды жоспарлап отыр. Юань әлемдік капитал нарығының ажырамас бөлігіне айналуда. Әлемдік индекстерге қытайдың бағалы қағаздарын қосу институционалды инвесторлар тарапынан сұраныстың артуына әкелуі мүмкін. Бұл өзгерістер рентабельділікті арттырып қана қоймай, активтерді стратегиялық бөлуді оңтайландырады», - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Хабар 24 телеарнасы