430,69 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміздің теңіз порттары арқылы жүк ағыны толассыз жүріп жатыр

  • 603
  • UPD: 23:16, 10.04.2020

Ақтау теңіз айлағының ұжымы осы жылдың бірінші тоқсанына белгіленген жұмыс жоспарын артығымен орындап тастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, сәуірдің біріне дейін жоспарлы 525 тоннаның орнына 560 мың тонна мұнай өнімдері, 138 тонна басқа да жүктер ауыстырып тиелген. Ал Құрық паромдық кешенінде жыл аяқталғанша 1,5 млн тонна жүкті қабылдап-жөнелту күн тәртібінде тұр.

Ақтау теңіз порты жыл басынан бері 275 кеме қабылдады. Оның 74-і танкерлер, қалғаны құрғақ жүк таситын су көліктері. Бірінші тоқсанға белгіленген 256 тонна астық 100% Иранға жөнелтілді. Сондай-ақ Махачкала портына мұнай тасымалы жоспардан артық орындалған. Одан әрі құбыр арқылы Қара теңіздегі ресейлік теңіз айлағына кетіп жатыр. Ақтау – Алаят бағытында былтыр іске қосылған фидерлік кеме қатынасы да тоқтаусыз жүріп тұр.

Абай Түрікпенбаев, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ұк» ақ басқарма төрағасы:

- Транскаспий халықаралық көлік бағыты біртіндеп қарқын алып келеді. Оның тиімділігін отандық тауар өндірушілеріміз көріп отыр. Мысалға Қазақстанда шығарылған цемент, өзге де құрылыс материалдары, азық-түлік Иранға жіберіліп жатыр. Қазірдің өзінде порт аумағында экспорт тауар толы жүзден астам контейнер өз кезегін күтіп тұр. Айлаққа келіп тоқтаған кеме экипажының шығуына тыйым салынған. Жүктерді ауыстырып тиеуді порт қызметкерлері атқарады. Бір ауысымға 120 адам шығады.

Қазақтың екінші теңіз айлағы – Құрық порты Қарақия ауданында орналасқан. Мұндағы паром кешені Маңғыстау өңіріне шекаралас төрт елге экспорт тауар тиеген жүк көліктері мен вагондарды кемеге жедел тиеп, жөнелтіп отыр. Кері бағытта бортына түрік мемлекеті мен Украинаның жүк көліктерін артып қайтады. Соңғы айлары Құрық портына су көліктерінің жиі келе бастағаны байқалуда.

Серік Ахметов, «Құрық порты» серіктестігінің бас директоры:

- Түркіменстан өз шекарасын жауып тастағалы қалған үш мемлекет транзит жүк жөнелтудің басқа жолдарын қарастыра бастады. Бізге келетін паром саны күрт өсуінің де себебі де осы. Тек наурыз айының өзінде 700-ге жуық жүк машинасын қабылдап алдық. Халық тұтынатын тауарлар, азық-түлік тиеген бұл көліктер ендігі сапарын еліміздің аймақтары арқылы жалғастырады.

Жыл басынан бері Құрық порты 400 мың тонна жүкті ауыстырып өткізді.  Қазір мұндағы жұмыс режимі үш ауысымда жүріп жатыр. Атқарылатын қызметтің дені автоматтандырылған. Осыған сәйкес бір ауысымға 60-қа жуық қызметкер шығады. Айта кетейік, портта санитарлық-дизенфекциялау тәртібі күшейген. Жүк көліктері зарарсыздандырғыш сұйықтықпен өңделген соң ғана порт аумағынан шығарылады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы