429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Карантиннен кейін көлік нарығы қалай өзгереді?

  • 838
  • UPD: 20:40, 06.05.2020

Мұнай құнының құлдырап, АҚШ долларының көтерілуі және алты құрлыққа ауыз салған коронавирус пандемиясы. Жыл басынан бері елді елеңдеткен бұл жағдай Қазақстанның авто бизнес саласын сырт айналып өтпеді, деп хабарлайды «Хабар 24»

Яғни, темір тұлпарлардың бағасына әсер етті.

Төтенше жағдай жарияланғалы Қазақстан автонарығында сауда-саттық тұралап қалды. Мәселен, карантин режимі енгізілгенге дейін елдегі көлік жарнамалайтын ірі сайтты 2 миллион екі жүз мыңдай адам қолданатын. Ал карантин кезінде тұтынушылардың белсенділігі күрт төмендеді. Десе де, көлік бағасы түспей тұр. Тіпті жаңа көліктер қымбаттады. Оған бірнеше фактор әсер етті.

Мақсат Халық , экономист:

– Ең үлкен фактор – наурыз айындағы теңгенің құнсыздануы. Демек, белгілі дәрежеде осынша көлемде 10 пайыздың үстінде жаңа көліктер қымбаттайтын болады.

Карантиннен кейін шетелдік көліктердің қосалқы бөлшектері де қымбаттауы мүмкін. Оған екі себеп бар. Алғашқысы, тағы да сол доллармен байланысты. Одан кейін, шекаралардың жабылуы кері әсерін тигізеді. Бұл – елде автобөлшектердің тапшылығына әкелуі мүмкін. Себебі тауардың 90 проценті импортталады.

Берік Заиров, Қазақстандағы тәуелсіз автобизнес одағының басқарма төрағасы:

– Автобөлшектер ең қажетті заттардың бірі. Сондықтан оған сұраныс азаймайды. Бірақ жұрт қаржысы аз болғандықтан арзан, сапасыз затқа ұмтылады. Бұл нарықта контрафакталық тауардың көбеюіне әкелуі мүмкін. Қазірдің өзінде тауардың түпнұсқасы қазақстандықтар үшін өте қымбат. Сондықтан бағасы арзан баламасын сатып алып жүрміз. Бұрын ол түпнұсқадан екі есе арзан болатын. Шекаралар жабылып, сатушыларда тауар азайған сайын олар да қымбаттап барады.

Карантин елдегі тұтынушылардың таңдауын өзгертеді. Себебі төтенше жағдай кезінде халықтың тең жартысы табыссыз отырды. Бұл ел экономикасында белсенділікті бәсеңдетіп, бірқатар саланың кірісін кемітті.  Мұндай шақта жұрт жиған тергенін қолма-қол ақшада ұстауды жөн санайды.

Мақсат Халық, экономист:

– Азаматтар өздерінің депозиттегі салымдарын ұлғайтып жатыр. Яғни, бірдеңе сатып алудан гөрі жылжымайтын мүлік бола ма, автокөлік бола ма сатып алудан көрі ол қаражаттарын жинақтауға өтіп жатыр. Бұл дегеніңіз белгілі дәрежедегі сұранысты төмендетеді. Яғни, күзге қарай біз автокөліктердің, ескі автокөліктердің, бағасының біраз түсетіндігін байқаймыз.

Сарапшылардың айтуынша, карантин режимі ашылған алғашқы уақытта нарықта белсенділік болуы мүмкін. Сондықтан жылжымайтын мүлігін сатамын деп жүргендер болса осы сәтті ұтымды пайдалануы керек. Ал жақсы темір тұлпар алуды қалағандардың әзірге асықпағаны абзал.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа

 

Хабар 24 телеарнасы