424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елдегі жеңіл өнеркәсіпке жеңілдік жасала ма?

  • 161
  • UPD: 11:45, 10.08.2020

Отандық тігін фабрикалары мен ателье қызметінің табысы биыл жарты есе азайды. Еліміздің Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының мамандары осылай дейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірқатар кәсіпорын жұмысын толық тоқтатты. Дәл қазір олар банкрот алдында тұр.

Жеңіл өнеркәсіпке жеңілдік беріле ме?

Дағдарысқа дейін отандық ателье мен тігін фабрикалары ішкі нарықты шамамен 10 процентке қамтамасыз еткен болса, қазір олардың үлесі шамамен 50 процентке азайды. Осындай антистатистика туралы Қазақстанның Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Любовь Худова айтты. Бұл салада мыңнан астам компания жұмыс істейді. 13 мыңнан астам азаматқа жұмыс берген шағын бизнес саласында көбіне әйелдер қауымы еңбек етеді. Карантинге байланысты сауда тоқтаған соң, барлық тауар қоймаларда пайдасыз жатыр. Тек қорғаныс саласы үшін жұмыс істейтін фабрикалардың қызметі жалғасуда. Осыған байланысты жеңіл өнеркәсіпті дағдарыстан алып шығатын жүйелі жеңілдік шаралары қабылдануы қажет, деп санайды қауымдастық өкілі. Любовь Худова көрші елдердегі салық жеңілдігі сияқты бизнесті ынталандыру тетіктерін мысалға келтірді. Ішкі нарық арзан импортқа толды. Ал отандық өндірушілер шетелдік фабрикалармен бәсекелесе алмайды. Өйткені бастапқы жағдай тең емес дейді, қауымдастық президенті. Осы орайда, сала өкілдері құзырлы органдарға шағымданып, жиналған салық қарызын кешіруді сұрайды.

Елде мал басының саны артты

Әлемдегі жалпы экономикалық дағдарысқа қарамастан мал шаруашылығы саласындағы жалпы өнім құны 1,2 трл теңгеге жетті. Бұл былтырғы көрсеткіштен 2,5 процентке, ал алдыңғысынан 11,5 процентке артық, деп жазады ЭнерджиПром порталы. Өнімнің 40-тан астам проценті үш өңір үлесіне тиесілі. Көш басында Алматы облысы –  191 млрд 500 млн тг, таза өсім көрсеткіші 3 процент. Екінші орында Шығыс Қазақстан облысы – шамамен 156 млрд тг, таза өсім көрсеткіші 2,3 процент. Үштікті Түркістан облысы түйіндейді – 146 млрд 100 млн тг, өсім көрсеткіші 2 процент. Өткен айдың басындағы жағдай бойынша елдегі ірі қара малдың жалпы саны 9 млн-нан асты. Өткен жылғы көрсеткіштен 4,5 процентке артық. Оның ішінде сиыр саны 4 млн бас. Елдегі қой саны 22 млн 100 мың бас. Өсім деңгейі 2,5 процент. Жылқы саны, 3 млн 400 мың бас болса, түйе саны - 246 мың 400 бас. Ал ешкі саны 1 жыл ішінде 3,7 процентке азайып, 2 млн 900 мыңға дейін түсті.

Шет елдерге ақша аудару көрсеткіші өсті

Қазақстандықтардың шет елдерге ақша аудару көрсеткіші біршама артты. Жоғары қарқын әсіресе алдыңғы екі айда байқалды. Мәселен, биыл маусым айында халықаралық жүйелер арқылы 92 млрд 800 млн теңге көлемінде қаржы сыртқа аударылды. Бұл мамыр айындағы көрсеткіштен 22 млрд 100 млн теңгеге артық.   Қызығы сол, елдегі карантиннің екінші айы сәуірде небәрі 22 млрд 500 млн теңге аударылған. Бұл 2016 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш. Осылайша жыл басынан санағанда өзге елдерге аударылған ішкі қаржының жалпы көлемі 314 млрд 600 млн теңгеге жетті. Былтырғы кезеңдегі көрсеткіштен 11,7 процентке көп. Қызық жайт, көрші Қырғыз еліне ақша аудару көрсеткіші бірден 81,7 процентке артқан - 63 млрд 800 млн теңге. Оның ішінде 45 млрд 300 млн теңгесі соңғы екі ай көрсеткішіне тиесілі. Түркияға ақша аудару деңгейі де өскен – шамамен 38 процент немесе 54 млрд 100 млн тг. Алайда жалпы елден сыртқа ақша аудару көрсеткіші бойынша бұрынғыша Ресей Федерациясы көш басында – 88 млрд 700 млн тг. Бірақ бұл сома былтырғы көрсеткіштен 10,3 процентке аз.

Ал «Нарықтағы баға» айдарында болгар бұрышының құнына тоқталамыз. Елде ең төмен баға Таразда. Онда бұрыш бағасы 100 теңгеден басталады.  

Сонымен, Қостанайда болгар бұрышының келісі 160 тг, Өскеменде 350 теңге. Таразда 100 тг. Түркістанда 120 тг. Оралда 190 тг, Ақтөбеде 260 тг, Нұр-Сұлтанда 350 тг.

Авторы: Мирлан Алтынбек

Хабар 24 телеарнасы