420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Төмен ұпай жинаған кәсіпкер мемлекеттік сатып алуға қатыса алмайды

  • 109
  • UPD: 22:57, 02.09.2020

Мәжіліс депутаттары жаңа заң жобасын дайындап жатыр. 2021 жылдан бастап еліміздегі мемлекеттік сатып алу процесі балдық жүйемен өткізілетін болады.

Үміткерлердің дерегі азаматтарға арналған үкімет порталында жинақталған. Онда кәсіпкер көрсететін қызмет түрі, саладағы тәжірибесі, айыппұл мен салық төлеуден кешігуінің бар-жоғы бағаланады. 

Мемлекеттік сатып алуды автоматтандырудың арқасында былтыр 361 млрд теңге үнемделді. Бұрын-соңды мұндай көрсеткіш болмаған. Ашықтық қамтамасыз етілді. Енді саланы жүйелендіру қажет. Бұл ретте мәжіліс депутаттары жаңа заң жобасын дайындап жатыр. Сәтін салса, 2021 жылдың бірінші күні мемлекеттік сатып алулар балдық-рейтингтік жүйемен жүзеге асатын болады.

Азамат Серікұлы, тендерлік компанияның негізін қалаушы:

- Мықты бір өзгеріс болып, бір қалыпта болса екен. Жылына шынын айтқанда біршама рет өзгереді. Кей адамдар ілесе алмай қалады оған. Көптеген компания қиын деп ойлайды да тендерге қатысуға мүмкіншілік жоқ деп ойлайды. 

Жаңашылдыққа үмітпен қарап отырған кәсіпкер көп. Бастысы, шынайы дода болса дейді. Өйткені бұған дейін елдегі мемлекеттік сатып алулардың 75 проценті бәсекесіз өткен. Тіпті арзан импорттық өнімді өзіміздікіне балап сатқандардың асығы алшысынан түсіпті. Салдарынан өндірушілердің 98 проценті мүмкіндігін пайдалана алмай, тасада қалып келді. Бірақ ұпайы басым өндіруші болу оңай емес. Сондықтан кәсіпкерлерге қазірден қамданып, ұсынатын тауарының сапасын тағы бір пысықтап алғаны жөн.

Самал Атагельдинова, кәсіпкер:

- Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бастысы, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге басымдық берілетіні ұнады. Яғни бұл жерде мықтылардың қолдауы деген болмайды. Мен де мемлекеттік сатып алуларға қатысып жүрмін. Бірде жеңдім, бірде жеңіліп қалдым. Кәсібін енді бастап жатқандар тиісті ұпайды жинай алмай қала ма деп қорқамын. Орта және ірі кәсіп иелерінде мүмкіндік мол. Заң жобасы енді дайындалып жатыр ғой. Тараптардың мүддесі толық ескеріледі деп ойлаймын. 

Баға беру, конкурс, аукцион. Бұл қолданыстағы мемлекеттік сатып алулар. Ал балдық-рейтингтік жүйе алдымен құрылыс саласында сыналады. Себебі жемқорлық тәуекелі басым. Талаптардан сүрінбеген үміткер автоматты түрде анықталады.  Бизнеске енді қадам жасағандар қайтеді?

Сәбит Ахметов, ҚР Қаржы министрлігінің департамент директоры:

- Мықты компаниялардың баллдары жоғары болуы мүмкін. Бір мөлшердегі мемлекеттік сатып алуды алғаннан кейін оларға шектеу қойылады. Себебі кіші компанияларда  мүмкіндік болуы үшін. Белгіленген мөлшерден асса тендерге қатыса алмайды. 

Қазір ресейлік кәсіпорындар да біздегі мемлекеттік сатып алуларға қатысқысы келеді. Бірақ, ол сала толық автоматтандырылуы қажет. Шарт орындалып, келіссөздер жүргізілсе, ЕЭАО елдерімен байланыс орнатуымыз бек мүмкін.

Авторлар: Мерей Мұратханқызы, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы