432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Мәжіліс жалдамалы жұмысшы құқықтары туралы заң жобасын қарады

  • 81
  • UPD: 22:34, 14.10.2020

Кадрлық агенттік жолдаған жұмысшыларға арзан жұмыс күші ретінде қарауға болмайды. Жалдамалы жұмысшылардың құқығы заң жүзінде қорғалуы тиіс. Бүгін Мәжілістің пленарлық отырысында тиісті жобаның алғашқы оқылымы өтті. Мәжіліс отырысында тағы қандай мәселе көтерілді? 

Әдетте жалдамалы еңбеккердің жалақысы штаттағы жұмысшының айлығынан анағұрлым төмен. Оған қоса тиісті әлеуметтік төлемге қол жеткізе алмайды. Алда-жалда жазатайым оқиғаға ұшыраса, кепілді сақтандыру сомасынан да қағылады. Ол ол ма, мұндай жағдайды тергеп тексеру тәртібі де қарастырылмаған. Бүгін заң жобасының алғашқы оқылымында Мәжіліс депутаты Қанат Мусин бұл олқылықтың орнын толтырудың механизмдеріне тоқталды.

Қанат Мусин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Заң жобасы ҚР Еңбек Кодексі, халықты еңбекпен қамту заңы, жұмыс уақытында еңбеккерлердің жазатайым жағдайлардан сақтандыру бойынша тиісті өзгертулер мен толықтыруларды енгізуді көздейді. Ал, жалдамалы жұмысшыларды еңбекке тарту кезінде құқығын шектеу оқиғаларына қатысты әкімшілік кодекстің тиісті құжатына өзгерістер енгізу үшін жеке құжаттар әзірленеді. 

Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин келтіргендей, бұл құжат еңбек нарығын жетілдіруге сеп болмақ. Әсіресе індеттің кесірінен экономика құлдырап, күн көріс қиындаған кезде, жұмысшы халықтың мүддесін ерекше қорғауға алынуы керек. Пленарлық жиынның соңында депуттар бірқатар сауалын жолдады. Бірі – елдегі көлік ұрлығына қатысты. Биыл сегіз айдың ішінде 1733 адам көлігінен айырылған. Оның тек 238-і ғана иелеріне қайтарылды

Ерсұлтан Бектұрғанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мұндай көрсеткішке себептердің бірі автокөлік құралдарын екінші реттік есепке алу немесе шешу кезінде автокөліктің шанағы мен қозғалтқышының нөмерлік белгілерін визуалды тексеру жүргізуді алып тастау болып отыр деп санаймыз. Және үстіміздегі  жылдың 8 айдың ішінде екі реттік санаққа қойылған көліктердің саны 2 325 820  құрайды екен. Құрметті Роман Васильевич, жоғарыда айтылғанның негізінде олқылықтардың бір жөнге келтіруді сұраймыз.

Тағы бір депутаттық сауалдың бірі ауылдағы ауыз су мәселесіне қатысты болды. Атап айтқанда, Қорғалжын-Шалқар бағытындағы 50 жыл бұрын салынған су құбыры әбден тозған. Бес жылдан бері Шалқар ауылына ауыз су автокөлікпен жеткізіледі. 2010 жылы ауылда салынған ішкі құбыр тек төрт жыл ғана қызмет еткен екен.

Жамбыл Ахметбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жағдай өте күрделі, біздегі нақтыланбаған деректер бойынша Қорғалжын, Біртабан, Шалқар ауылдарында 6 мыңнан астам адам тұрады. Осы ауылдарда 5 мыңға тарта ірі-қара мал, 3 мың жылқы, 6 мың қой-ешкі, 15 мыңға тарта үй құстары өсіріледі. Мәселенің әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, республикалық бюджеттен аталған елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қажетті қаражатты бөлу мүмкіндігін қарауыңызды сұраймыз. 

Сондай-ақ жиында алтын өндірісіндегі шикізат ұрлығы, шағын және орта бизнеске қысым көрсету мен зейнетақы қорындағы жинақ соманы жаратуда құқықтың мәселені реттеуге қатысты сауалдар жолданды.

Хабар 24 телеарнасы