422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«JETI QAZYNA». Ерекше үлгідегі ақшалар қашан айналымға түседі?

  • 175
  • UPD: 19:16, 05.11.2020

Ер жігіт, сұлу әйел, құмай тазы, ілім-білім, жүйрік ат, қыран бүркіт және берен мылтық. Қазақтың «Жеті қазынасын» білдіретін дәл осы бейнелер монеталарға бедерленді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оны Ұлттық банк «Дала қазынасы» сериясы аясында жасап шығарды.

Қазақ үшін жеті саны киелі саналады. Монеталық жобаға «Жеті қазына» деп айдар тағылуы сондықтан дейді Ұлттық банк өкілдері. Бұл жолы монеталардың дайындалу тәсілі ғана емес, дизайны да түрленген. Ерекшелігі сол, әр монетаның сыртқы бетінде қазақы өмірден хабар беретін бейнелер бар. Ең бастысы, 100 теңгелік бұл тиын ақшаларды төлем құралы ретінде пайдалануға болады. Техникалық сипаттамасы жағынан олар басқа айналымдағы номиналы 100 теңгелік монеталармен бірдей. Салмағы, диаметрі, қалыңдығы, металл қорытпасы өзгеріссіз қалды.

Айжан Машеева, ҚР Ұлттық Банкі қолма-қол ақша айналымы департаментінің бас маманы:

– Жоба аясында биколорлы 100 теңгелік монеталардың 7 түрі жасалды. Олар: ер жігіт, сұлу әйел, құмай тазы, ілім-білім, жүйрік ат, қыран бүркіт және берен мылтық. Барлығы 3,5 млн дана дайындалды.  

Айта кетерлігі, бұл монеталар екінші деңгейлі банктерге таратылады. Яғни заңды түрде төлем құралы саналады және кез келген сауда орнында онымен есеп айырылысуға болады.

Ұлттық банк мамандары әр монетаны әзірлеуге құдды зергерше еңбектенгені байқалып тұр. Мәселен, алтын мен күмістен құйылған 500 және 5 мың теңгелерде жеті қазынаның жиынтық бейнесін көруге болады. Бір айта кетерлігі, бұрын-соңды циркулярлы және коллекциялық монеталар бір монета жобасы аясында жарық көрмеген.

Айжан Машеева, ҚР Ұлттық Банкі қолма-қол ақша айналымы департаментінің бас маманы:

– Алғаш рет 25 мың дана кәдесый жиынтығы жасалды. Ол мельихиордан құйылған 200 теңге мен нибрасс/нейзильбер қоспасынан дайындалған 100 теңгелік 7 монетадан тұрады.

Бағалы металдардан жасалған бұл монеталардың қашан айналымға түсетіні жайлы ақпарат Ұлттық банктің ресми сайтында жарияланады.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Жандос Битабарова

Хабар 24 телеарнасы