419,48 505.95 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қаржылық пирамидалар айылын жимай тұр

  • 169
  • UPD: 13:31, 10.12.2020

Елімізде қаржылық пирамида қызметінен 40 мың адам зардап шеккен. Келтірілген шығын көлемі 20 млрд теңгеден асады.

Енді Ішкі істер министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кінәлілерге қатаң жаза қолданбақ. Ал азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін түсіндірме жұмыстарын күшейтуді көздеп отыр.

Ақтөбеде заңсыз қаржы пирамидасын құрғандарға қатысты тергеу амалдары аяқталды. Полицейлер жалған қаржы институттарының әрекетінен 17 мың адамның зардап шеккенін хабарлады және олардың қатары әлі де артуы мүмкін. «Қаржы пирамидасына алдандым» деп шағым айтып келушілер азаяр емес.

Жанболат Әбдірайымов, ҚР ІІМ аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі:

- 50 адам күдікті болып анықталған, оның 33-і қамауға алынып, тергеу изоляторында отыр. Қалған 17 адамға әртүрлі бұлтартпау шарасы қолданылды. Яғни 5 адам үйқамақта, қалған 12 адам ешқайда кетпеу бұлтартпау шарасы тағайындалған. Бұдан басқа тағы 6 күдікті іздеуге жарияланған.

Оқиға жыл басында еліміздің бірқатар өңірінде болды. Өздерін заңды мекеме ретінде таныстырып, тегін дүние береміз деген алаяқтар миллиардтап қаржы жинап, шетел асып кеткен. Салдарынан тек Ақтөбе облысында 3 мыңға жуық адам зардап шекті. «Выгодный займ», «Гарант 24 Ломбард», «Нұрәли», «ESTATE Ломбард» сынды мекемелердің заңсыз әрекеті толық әшкере болды. Жауапты тұлғалары қамауда отыр.

Нұрділдә Ораз, ҚР Ішкі істер министрінің кеңесшісі:

- Бұл жерде 10 мыңнан астам адам зардап шеккен. 20 млрд шығын келтірілген. Қылмыстық істің барлығын таныстырып болған соң сотқа жолдайтын боламыз.

Жалпы елімізде азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қолға алды. Мекеме құрылғалы бері түсіндірме жұмыстарын күшейткен.

Дмитрий Акмаев, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының бас маманы:

- Сыни ойлау қабілетін қолдану керек. Ұйым нақты қандай іспен айналысады, кірістері қайдан келеді деген сұрақтар қойылуы тиіс. Ашықтық байқалмаса, онда мекеменің кәсібі күмән тудырады. Бастапқы сәттен-ақ қыруар қаржы табасыз деп сендірсе, онда да сіз қаржы пирамидасының алдауына түстім дей беріңіз.

Әзірге елімізде қаржылық пирамида түсінігінің аясы тар. Сондықтан заң күшейтіліп жатыр. Қаржылық пирамидаларға тосқауыл қоюға арналған ведомствоаралық жұмыс тобы бірқатар ұсыныстарын әзірледі.

Айгүл Қанатбаева, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департаментінің директоры:

- 26 қаржы пирамидасын құру, қатысу, жарнамалау сынды әрекеттерге жауапкершілік күшейтіледі. Жұмыс тобы ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізуді қолға алды. Сол арқылы кез келген қылмыстық әрекеттің жолын кесеміз.

Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша кейінгі үш жылда елдегі қаржылық пирамидалар саны 3 есе артқан. Ал зардап шеккендер 40 мыңнан асып жығылады.

Авторлар: Рауан Мыңбаев, Гүлзия Нақыпқызы

Хабар 24 телеарнасы