424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Junior Eurovision 2020: байқау қатысушыларына отандық композиторлар ән жазуда

  • 83
  • UPD: 20:43, 07.09.2020

«Junior Eurovision 2020» халықаралық ән байқауында еліміздің намысын кім қорғайды?

Бұл әзірге белгісіз. Қазір елімізде ұлттық іріктеудің үшінші кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

700-ден астам қатысушыдан 12 бала финалға өтті. Осы 12 орындаушының тек үздігі ғана Польшада өтетін халықаралық байқауда өнер көрсетуге жолдама алады.

Айдана Жұмажан – ұлттық іріктеудің 3-кезеңіне өткен жас өренннің бірі. Ол әлеуметтік желіден «Junior Eurovision 2020» халықаралық ән байқауына ұлттық іріктеу жүріп жатқанын біліп, өз бейнежазбасын жібереді. Сөйтіп, еліміз бойынша 9 бен 14 жас аралығындағы 700-ге жуық қатысушының арасынан іріктеліп алынған 30 баланың қатарына кіреді. Байқаудың екінші кезеңі де Айдана үшін сәтті аяқталды.  

Айдана Жұмажан, «Junior Eurovision-2020» ұлттық іріктеудің финалисі:

– «Хабар» арнасынан тікелей эфирде онлайн дауыс беру болды. Бірінші турдан іріктеліп алынған қатысушы балалардан финалға тек 12 қатысушы өтеді деді. Мен 33 мың дауыс жинап, финалға өткенімді естігенде қатты қуандым. Әсіресе, отбасым қуанды. Бұл түнгі 12-лерде болатын. Сол түні ұйықтамадым, себебі ол үлкен жауапкершілік.

Міне, сондықтан Айдана қазір вокал бойынша маманнан сабақ алып жүр. Ол Ұлттық финалда орындайтын әнін нақышына келтіріп шырқау үшін көп дайындық керек дейді.   

Айтпақшы, биылғы ұлттық байқау қатысушыларына отандық композиторлардың өздері ән жазуда.     

Асан Әбілмажинов, вокалдан жаттықтырушы:

– Айдана – өте талантты қыз. Ол әнді жүрекпен айтады. Бізге финалда орындалатын ән берілді. Бірақ мәтіні әлі жазылмаған. Байқау шарттарына сәйкес ән қазақ немесе ағылшын тілінде болуы керек. Менің шәкіртім бұл тапсырманы да сәтті алып шығады деп сенемін.

Қарақат Башанова да ұлттық іріктеудің үшінші кезеңіне өтті. Ол Алматы облысында тұрады. Бірақ бала күннен ән айтқанды ұнататын Қарақат, кәсіби білім алу үшін аптасына екі рет Алматыға келіп вокалдан сабақ алады.

Қарақат Башанова, «Junior Eurovision-2020» ұлттық іріктеудің финалисі:

– Мен вокалға Талғардан келемін. Вокалдан кейін онлайн сабақ болады. Сәл қиындау. Дайындығым өте керемет өтіп жатыр. Дайындалғаныма екі аптадай болды. Өткеннен бастап, дайындалып жатырмын. 

Ұлттық іріктеудің гала-концерті 26 қыркүйек күні «Хабар» арнасының тікелей эфирінде өтеді. Үздік орындаушыны қазылар алқасымен бірге көрермендер де анықтайды. Жүзден жүйрік шыққан қатысушы қараша айының соңында Варшавада өтетін халықаралық ән байқауында еліміздің намысын қорғайды.

Авторлары: Алуа Маханбет, Нұрдәулет Жақсыбай

Хабар 24 телеарнасы