371,31 419.90 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Junior Eurovision 2018: Данэлия Тулешова дүйім жұрттың ықыласына бөленді

  • 661
  • UPD: 15:16, 26.11.2018

Данэлия Тулешова Junior Eurovision 2018 байқауында дүйім жұрттың ықыласына бөленіп, дауыс беру нәтижесінде үшінші орынға ие болды.

Бұл да үлкен жеңіс. Қазақстанның әлемдік додаға қатысып, кіл мықтылар арасынан көрінуі еліміз үшін зор мәртебе. Философиялық толғамды ән, әуезді үн, қарапайым образ, режиссерлік көзқарас үйлесім тауып, көзіқарақты көрерменнің көзайымына айналды.

Данэлия Тулешова – қазақ өнерін дүниежүзіне әйгілеуге қауқары бар әнші. Жас дарын талай додаларда бақ сынап, қарымын мойындата білген. Оған кешегі өткен Junior Eurovision байқауындағы көрермен ықыласы дәлел. 20 елдің үкілеген үміті өнер көрсеткен айтулы додада Данэлия 6-тұғырдан көрінді.

Данэлия Тулешова, байқауға қатысушы:

- Мені қолдаған барша қазақстандықтарға алғысымды айтамын. Қазақстан Junior Eurovision-ге алғаш рет қатысып отыр. Бастама жаман емес деп ойлаймын. Менің көңілім еш түскен жоқ, әлі талай додаларға қатысамын. Үлкен мақсаттарым бар. Сіздерді жақсы жаңалықтарыммен қуанта беремін.

Junior Eurovision-ге Қазақстан тұңғыш рет қатысты. Бұл – үлкен еңбектің жемісі. Ақпараттық қолдауды «Хабар» Агенттігі көрсетті. Ал өзіне артылған жауапкершілікті сезіне білген Данэлияның «Өзіңе сен» деген әні күллі қазақстандықты жігерлендіре түскендей. Жас дарын үшін тақым қысып, дұғасын арнаған жерлестер үміті ақталды да. Өреніміз жоғары деңгейінде өнер көрсетті. Сол арқылы келесі өнерпаздарға даңғыл жол салып берді.

Алан Әжібаев, «Хабар» Агенттігі АҚ Басқарма Төрағасы:

- Дауыс беру барысында барша қазақстандықтар жұдырықтай жұмылып, Данэлияны қолдады. Сол үшін отандастарымызға алғыс айтамыз. Себебі 20 мемлекеттің ішінде көрермендердің қолдауымен үздік үштіктен көріну шынында да айтуға тұрарлық жетістік.

Айтпақшы, «Өзіңе сен» әніне түсірілген бейнебаян да әлем жұртшылығының ықыласына бөленгені рас. Бірі Шарын шатқалының көркіне тәнті болса, енді бірі ұлы даланың үніне ғашық болды. Сазы мен сөзі үйлескен шығарма түйсіне білген жан үшін үлкен философиялық туынды.

17-ші Junior Eurovision байқауы Польшада өтеді. Өнер майталмандары біздің мемлекеттің де осындай бәйге өткізуге дайын деген пікірде.

Алтынай Жорабаева, бірталай байқаулардың жеңімпазы, әнші:

- Ондай үлкен байқау өткізуге біздің мемлекет дайын. Мысалы, «Азия дауысы», «Жас Қанат» болсын, біздің байқауларымыздың бәрі, сахна, аппаратура, үміткердің жағдайын жасау, қаншама шетелге бардық, ондай сахна жоқ.

Еске салайық, Данэлияның жанкүйерлері Junior Eurovision байқауын «Хабар 24» арнасында тікелей эфирде тамашалады.

Авторы: Мерей Мұратханқызы

Осы категория бойынша: « «Junior Eurovision» финалында әрбір қатысушының өнер көрсеткен сәті Данэлия Тулешова: Мені қолдаған барша қазақстандықтарға алғыс айтамын »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы