383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әнші Димаш туралы мультфильм түсіріледі

  • 998
  • UPD: 11:18, 21.03.2017

Қытайдағы ән байқауындағы 9-шы кезеңде Димаш Құдайберген Селин Дионның әнін шырқап, 2-ші орын алды.

Ал Бейжіңде тұратын қандасымыз Жарқын Мұратқызы Димаш Құдайберген туралы қысқаметражды анимациялық роликтер жасап жатыр. Оның «Жебе» атты анимациялық кино эпизодтарына графикалық өңдеу қосатын студиясы бар. Енді қазақы дәстүрге бай жаңа мультфильмдер де шығармақ. Жарқын Мұратқызы анимациялық студиясын қытайлық серіктесімен бірге осыдан үш жыл бұрын құрды. Содан бері жарнама роликтерін, мультфильм, 3D және көркем фильмдердің эпизодтарына күрделі графика жасаумен айналысады. Қытайда соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан осы нарықтан сүбелі үлес алсам деген мұраты бар. Ол қалың Қытайды қайран қалдырған қазақ әншісі Димаштың шабыт бергенін айтады.

Жарқын Мұратқызы, «Jebe» студиясының директоры:

- Атағы шыққанда бәрі «ой мынау қазақ екен, сен де қазақсың ғой дегенде көңілім өте хош болып, содан кейін қуанышта бір қызығып, кішкене бір сүйкімді етіп жобалап қойдық. Енді Құдай бұйырса, уақытымыз шықса, оның ән айтқан бейнесін cartoon, мультфильм етіп 3-4 минутқа шығару ойда бар.

Жарқынның студиясында 13 аниматор жұмыс істейді. Олардың айлығы, кеңсені жалдау, қымбат техниканың қыруар қаржысы - серіктесі Шие Гуошунь екеуінің мойнында. Қазір студия жаңадан түсіріліп жатқан қиял-ғажайып фильмге графика қосумен қарбалас.

Шие Гуошунь, «Jebe» студиясының менеджері:

- Біздің команда өте жас. Басымызды осында біріктірген - анимацияға деген маxаббат. Қазір біз Қытай нарығында жоғары дәрежелі, өте сапалы қысқа анимациялық қойылымдарға эффекті берумен айналысып жатырмыз. Сонымен қатар, видеоға түсіруге келмейтін кейбір күрделі кадрларға графика қосамыз. Оның шынайы көріністен еш айырмашылығы жоқ.

Қалың Қытайдың ортасында өссе де, Жарқын ана тілін ұмытпаған. Оның айтуынша, қазіргі балаларға төл мәдениетін сіңіру үшін анимациялық-мультфильмдерді пайдалану керек. Сондықтан мазмұны терең, тағылымы мол қазақы туынды жасамақ.

Жарқын Мұратқызы, «Jebe» студиясының директоры:

- Мен енді қытайша оқығанмын. Тілден шалалаумын. Бірақ қазақтың дәстүріне қызығамын, үйренгім келеді. Сол мен секілді балалар көп, соларға тәрбие үшін бір мультфильм жасау жоспарымда. Біздің әңгімелер Диснейдің әңгімелерінен қалыспайды ғой.

Ойындағысын жүзеге асыруға Жарқынның теxникасы сай, мүмкіндігі мол. Өткен жылы үрімжілік әріптестері қолға алған «Абай» атты мультфильмнің алғашқы анимациялық жобасын да осы Бейжіңдегі студия жасаған.

Авторы: Нұрбек Бекен. 

Хабар 24 телеарнасы