384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Латвия жалдамалы мигранттардың барлық жағдайын жасауды қолға алады

  • 414
  • UPD: 14:13, 27.05.2017

Латвияда халықтың көші-қонына байланысты мамандар тапшы. Екі қолға бір жұмыс табылғанымен жалақы күнкөріске жетпейді. Амалдап басқа жерден табысты қызмет қарастыруға тура келеді. Қазір ел ішінде кадр тапшылығы қинап тұр.

Латвияның еңбек нарығы қиын кезеңді бастан өткеріп отыр. Жыл сайын еңбекке қабілетті он мыңдаған тұрғын елінен кетеді. Ресми дерек бойынша, соңғы 16 жылда республика халқының саны 17 пайызға қысқарған. Кәсіпкерлер «жағдай бұлай бола берсе, елде жұмыс істейтін адам қалмайды» дегенді айтады. Қазірдің өзінде кей салалар білікті маманның тапшылығын сезіп отыр. Осыған байланысты Латвия сырттан келген гастарбайтерлерді жұмысқа орналастыруға кірісіп кетті. Болжам бойынша олардың басым бөлігін ТМД-дан барған азаматтары құрауы мүмкін. 

Янис Эндзиньш, Латвия сауда-өнеркәсіптік палатасының төрағасы:

- Бізде кәсіпкерлер кейде жұмысшыларды Литвадан автобуспен өздері алып келеді. Әрине ол Еуроодақтың құрамында болғандықтан, ондағы жұмысшылардың орын ауыстыруы оңай. Сондықтан Латвияға үшінші мемлекеттен жұмысшылар келу үшін барлық жағдай жасалуы керек. 

Экономика министрлігі жаңа ереже әзірлеген. Онда мамандар жұмысқа алудың жеңілдетілген тәртібін енгізіп көрмек. Бұл тізімге 30 мамандық енгізілген. Сөйтіп, сырттан келген жұмысшыларға жалақыны көбірек төлеу керек деген ұйғарым жасалды. 

Айвис Бродиньш, қызметкерлерді іріктеу орталығының басшысы: 

- Рас, қазір көптеген сала бойынша мамандар жетіспейді. Осылай жалғаса берсе, болашақта мәселе мүлдем ушығуы мүмкін. Бұл қауіпті құбылыс. Қазір біз ақпараттық технологиялар мен инженер, құрылысшы сияқты түрлі техникалық мамандық иелері туралы айтып отырмыз. 

Ел ішінде сауалнама да жүргізілді. Бұл орайда жергілікті тұрғындардың басым бөлігі сырттан жұмысшы тартуға қарсы екендерін білдірген. Оған бірнеше себеп бар. 

Арнис Кактиньш, социолог: 

- Бұл жерде ең бірінші экономикалық аспект роль ойнайды. Өзімізде жұмыс жетпей жатқанда, билік неге сырттан маман тартуға құмар. Бұған қоса жергілікті жұмысшы күшіне деген сенімнің аздығы тағы бар. 

Қазір бастаманы министрліктер талқылап жатыр. Бір айдан кейін қорытынды құжат үкіметтің қарауына ұсынылады. Егер билік ұсынысты қолдап, шешім қабылдаса мигранттарға Латвияда жұмыс істеу әлдеқайда жеңілдей түседі.

Авторлары: Марина Петрова, Сергей Самойлов

Хабар 24 телеарнасы