389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Си Цзиньпиннің есімі Қытай Коммунистік партия Жарғысына енді

  • 990
  • UPD: 21:22, 26.10.2017

Қытайда Коммунистік партияның XIX съезі аяқталды.

Жиында Си Цзиньпиннің есімі мен оның елді дамыту бағдарламасы партия жарғысына енгізілді. Сонымен қатар тәртіпті бақылау комиссияның жаңа құрамы сайланды. Елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы басты органның хатшысы, тұрақты комитеттің мүшесі және Си Цзиньпиннің «оң қолы» атанған Ван Цишань бұл жолы Орталық комитеттің жаңа құрамына кірмей қалды. Бұл оның елдің жоғары билігі – саяси бюроның тұрақты комитетінен кеткенін білдіреді.

XIX съездің қарсаңында Ван Цишанның құрметті демалысқа шығуы жайындағы қауесеттер бұқаралық ақпарат құралдарында қызу талқыланған болатын. Көпшілік оны Си Цзиньпиннің «оң қолы» деп тегін айтпаған. Биліктің барлық тармағында жемқорлықпен белсенді күрес жүргізген Ван Цишанға «Сыбайлас жемқорлықпен күресудің патшасы» деген атақ тағылды. Сондықтан Қытай Коммунистік партиясының билік сатысында алтыншы болғанымен, іс жүзінде ең ықпалды екінші адам еді.

Сарапшылардың көбі Си Цзиньпин Ван Цишанды зейнеткерлік жасына қарамастан қол астынан шығармайды деп пайымдаған. 69-ға келген мемлекет қайраткері саяси бюроның тұрақты комитетінде жасы 67-ден асқан 5 адамның бірі болатын.

Сонымен Орталық комитеттің жаңа құрамына 204 адам іріктелді. Олардың қатарында Гуандун провинциясы партия комитетінің басшысы Ху Чуньхуа және Чунцин қаласының бас хатшысы Чэнь Миньэр бар. Осы екеуі 2022 жылдан кейін Си Цзиньпин мен Ли Кэцянның орнын басуы мүмкін деген болжамдар айтылады. Съезде қабылданған ең маңызды шешімдердің бірі партия жарғысына Си Цзиньпин есімі мен оның елді дамытуға арналған концепцияларын енгізу болды. Бұл Қытайдың қазіргі Төрағасын Мао Цзэдун және Дэн Сяопин сияқты ұлы тұлғалардың қатарына қосады.

Чжан Юйминь, Бейжің қаласының тұрғыны:

- Төраға Си – ұлы тұлға. Оның есімін партия Жарлығына кіргізу – тарихи оқиға. Оған деген құрметті құрылтай қонақтарының қошеметінен де анық байқауға болады. Шынымен ол елдің ішкі мәселесін реттеуде көп шаруа атқарды.

Ол сонымен бірге Мао Цзэдуннан кейін көзі тірісінде есімі партия жарғысына жазылған екінші басшы атанды. Сарапшылардың айтуынша, бұл оқиға – партия ішінде Си мәртебесін нығайту үшін жасалған маңызды қадам. Соңғы екі жылда Си Цзиньпиннің партияның өзегі деп атап жүргенін ескерсек, ол болашақта Мао Цзэдун сияқты қуатты көшбасшыға айналуы да ықтимал.

Қытайдың конститутциясына сәйкес мемлекет басшысы өз лауазымын екі мерзім, яғни 10 жыл атқара алады. Ал Си Цзиньпиннің билікке келгеніне 5 жыл толды. Дегенмен «Қытай арманы», «Бір белдеу – бір жол» сияқты ауқымды бағдарламалары партия жарғысына енген төрағаның ықпалы тағы 5 жылдан кейін де қалуы мүмкін.

Хабар 24 телеарнасы