389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Әйгілі «Алтын адам» экспонаты Мәскеуде алғаш рет көрсетілді

  • 1464
  • UPD: 10:47, 04.04.2018

Мәскеуде Қазақстанның Ұлттық мұражайы қорының «Ұлы дала мұрасы: зергерлік өнердің жауһарлары»  атты көрмесі  ашылды.

Экспозиция «Алтын адам» - әлем мұражайларында» халықаралық көрме жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. 

Бүкілресейлік сәндік-қолданбалы өнер мұражайына ағылған елдің санында шек жоқ. Ұлы даланың ұлттық құндылығын көруге халық Ресейдің түкпір-түкпірінен жиналды. Себебі Есік қорғанынан табылған әйгілі сақ жауынгерінің экспонаты көршілес елге алғаш рет әкелінді.  

Владимир Аристархов, РФ Мәдениет министрінің бірінші орынбасары:

- «Алтын адамның» табылуы 20 ғасыр археология тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі. Сол себепті бүгінгі көрменің ашылу ауқымдылығы, мәдени және археологиялық маңыздылығы жағынан Тутанхамон қазыналары көрмесімен тең. Алтын адам «Қазақстан», «қазақ халқы» деген сөздің артында ұлы мәдени мұра жатқандығын айғақтайды. Және біз оны білуіміз тиіс.

Михаил Швыдкой, РФ Президентінің арнайы өкілі:

- «Алтын адам» және оның жанынан табылған әшекейлер мен ыдыс-аяқтардың тарихи маңыздылығы жоғары. Мәселен, Алматы маңындағы тасқа қашалған жазулар ол елді-мекеннің мыңдаған жылдар бұрын пайда болғандығын дәлелдейді. Сол себепті әр мемлекет үшін бұл қажет дүние екені сөзсіз.

Бұл мәліметтер заманауи Қазақстан аумағында скиф мәдениетінің қалай қалыптасқандығын айқындайды. Ғалымдардың айтуынша: артефактілерді зерттеу арқылы, қазақ мемлекетінің түпкі тамырының пайда болуына куә болуға  болады.

Зайнолла Самашев, археолог:

- Керемет озық мәдениет үлгісінің кейбір нышандары қазақтың мәдениетіне тікелей енгені белгілі. Бейнелеу өнеріне, басқа өнерлерге енді. Қазақтың тарихын 2,5 мың жылдық тарихи сабақтастықты көрсетеміз деп әкеліп отырмыз.

Сондай-ақ Қазақстанның Ұлттық мұражайы қорынан көрмеге өзге де құнды жәдігерлер қойылды. Олардың қатарында біздің заманымызға дейінгі VII-ІІІ ғасырдағы алтыннан жасалған бұйымдар, XIX-XX ғасырдағы 170-ке жуық күмістен жасалған әйелдердің әшекейлер топтамасы бар. Осылайша, Мәскеудегі көрме 13 мамырға дейін жалғасады. Ал 2020 жылға дейін ТМД елдерінде, Азия, Еуропа және Америкада ұйымдастырылмақ.

Авторлары: Дана Нуржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы