384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украина кезекті қаржылық дағдарысқа ұшырауы мүмкін

  • 503
  • UPD: 15:38, 02.09.2018

Украина экономикасы Еуропалық Одақ бөлетін қаржылық көмекке мұқтаж. Биыл зейнетақы секілді әлеуметтік көмек түрлері жарты айға кешігіп, жанармай бағасы күрт көтерілген.

Ұлттық гривна да құнсызданып, ел экономикасы қолайсыз жағдайда қалды. Ел дағдарысты қалай еңсермек? Мемлекет неге жыл сайын қарыз алуға мұқтаж? 

2 млдр доллар. Украина экономикасы шамамен осындай қаржыға мұқтаж. Ресми Киев пен Еуропадық Одақ арасындағы келісім бойынша күз айында Украинаға кезекті макроқаржылық көмек ақшасы түсуі керек болатын. ЕО елдеріндегі Украинаның тұрақты өкілі Николай Точицкийдің мәліметі бойынша кезекті қаржылық транштың көлемі 1 млдр еуроны құрамақ. Кезекті қарыз ақша қазынаны толтырмаса, Украина әлеуметтік дағдарысқа түсіп, ресми түрде дефолт жариялауы мүмкін.

Андрей Лепейко, тәуелсіз сараптамалық орталықтың жетекші маманы:

- Украинаның қазына қоры зейнетақы қорының дотациясына және ұлттық полиция мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмсалып жатыр. Халықаралық қаржы қорынан бөлінетін ақша ең алдымен осы шығынды жабуға көмектеседі. Қарыз ақшасыз ел экономикасы дағдарысты еңсере алмай, дефолт жариялауы мүмкін.

Украина сауда-экономикалық палатасының кеңесшісі, экономист Александр Вишневский биылғы зейнетақы жарты айға дейін кешігіп берілді дегенді айтады. Бензин мен газ бағасы да тоқсан сайын көтеріліп, гривна тайғанақтық танытып тұр. Бір АҚШ долларының құны біп апта бұрын ғана 26 гривна болса, қазір 1 доллар 28 гривна 80 тиын тұрады. Газ бен бензин соңғы бір айда 1 гривна, шамамен 14 теңгеге көтеріліп, 30 гривна құраған.

Александр Вишневский, экономист:

- Экономикалық өсім аз болғандықтан, кіріс пен шығыстың арасы алшақ. Сондықтан әлеуметтік төлемдерді де дер кезінде тарату экономикаға оңай болып тұрған жоқ. Халықаралық қаржы қорының комиссиясы Украинаға 6 қыркүйекте келеді деген ақпарат бар, демек көмек ақша бөлінуі әбден мүмкін. Егер Украина халықаралық қаржы қорынан тиімді өсіммен қарыз ала алмайтын болса, несие ақшаны басқа мемлекеттерден  жоғары өсіммен сұрауға мәжбүр болады.

Экономикалық дағдарыстың алдында тұрған ресми Киев келесі жылы президенттік және Жоғары Рада депутаттарын сайлайды. Сарапшылар Украина үлкен саяси дағдарыстың алдында тұрғанын айтып дабыл қағуда. Қазына қаржысы азайып, қарызы көбейген ел 2014 жылдан бері ЕО бөлінетін көмек ақшаға мұқтаждық танытып келеді.  Bloomberg сараптамалары бойынша, Украина экономикасы әлемнің ең әлсіз деген 10 елінің қатарына енген. Бұған елдің төмен инфляциясы мен елдегі жұмыссыздық та кері әсерін тигізіп отыр.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Михаил Мищенко

Хабар 24 телеарнасы