385,16 427,30 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлыбритания полицейлері бюджетті толтыруға неге құлшынып отыр?

  • 517
  • UPD: 20:51, 02.11.2018

Ұлыбританияның полицейлері америкалық әріптестерінің көпжылдық тәжірибесіне сүйенбек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нью-Йорк полиция басқармасы 15 жылдан бері өз брендін сатумен айналысып келеді. Ол – кәдесыйлар, ойыншықтар мен киімдер. Түскен табыс басқарманың бюджетін толықтырады. Енді міне Скотленд-Ярд да өзінің ортайып қалған қазынасын толтыру үшін осылай амалдамақ.

Скотленд-Ярд бюджет дефицитімен күресу үшін осындай қадамға барып отыр.

Лондон полициясы жыл сайын бюджетті қысқартуға мәжбүр. Ал шығын мөлшері жыл санап артпаса, кемитін емес. Мысалы, 2010 жылы мемлекеттік қазынадағы дефицит көлемі 720 миллион фунт стерлингті құраған еді. Енді 2021 жылдың сәуір айына дейін шығындарды тағы 325 миллионға қысқарту қажет. Мәселені шешу жолын ойлана келе, Скотланд-Ярд өзінің брендтік маркасы бар тауарлар өндіруді ұйғарды. Әзірге брендтің таңбасы белгіленген жоқ. Дегенмен полицияның төлтаңбасы мен Скотленд-Ярд деген жазуы бар айналатын үлкен шаршы брендтің таңбасына айналуы мүмкін. Арнайы бренд-таңбаны The Point.1888 компаниясы дайындайтын болады.

Уилл Стюарт, «The Point» жарнама агенттігінің басқарушысы:

– Өзім Лондонда туып, өстім. Туған қаламның тәртіп сақшыларына қаржы жинауға көмектесу – мен үшін зор мәртебе.

Уилл Стюарттың пікірінше, Скотленд-Ярд көптің арасында жоғары танымалдылыққа ие. Сондықтан сатылымнан тәп-тәуір пайда табуға болады. Тауарды түрлі компаниялар өндіргенімен, Скотланд-Ярд олардың дизайнын жіті бақылаудан өткізетін болады. Әсіресе киім үлгілері қатаң қадағаланады.

Скотленд-Ярдтың ресми мәлімдемесі: «Өндірілген тауар полиция қызметкерлері киетін формаға ұқсас болмауы тиіс. Егер де тікелей ұқсастық табылатын болса, онда сәйкес шаралар қолданылып, ондай тауар өндіргендер заң алдында жауап беретін болады.»

Скотленд-Ярдтың қазынаны толтырудың бұл амалын біреулер қолдаса, енді бірі мүлде құптамайды. Дей тұрғанмен, жарнама мамандарының пікірінше, мұндай тауарлар туристердің сұранысына ие болуы мүмкін.

Марк Боркауски, пиар маманы:

– Менің ойымша, мұндай тауарларды өзге мемлекеттерге экспорттауға болады. Өйткені, шетелдіктер Скотланд-Ярдты Лондонның қызыл автобустары мен телефон дүңгіршіктері сияқты қабылдайды. Ал лондондықтардың жергілікті полицияның логотипі бар киімді киюі екіталай. Нью-Йорк пен Лос-Анджелестің төлтаңбасы бар тауарларға да дәл осындай көзқарас қалыптасқан.

Қазынаны толтыру әрине, маңызды. Алайда тәртіп сақшыларының басты міндеті – қоғамның қауіпсіздігін сақтау. Бұл тұрғыда эстониялық полицейлер жол жүру ережелерін бұзғандарға ой салатын іске көшті. Мәселен, жылдамдықты асырған көлік жүргізушілерін тоқтатып, донорлық өсиетхат толтыруды сұрайды. Яғни жүргізуші қайтыс болған жағдайда донор ретінде ағзасының мүшелерін таратуға рұқсат ететін құжатқа қол қоюы тиіс.  

Андрес Синимери, Пярну полиция басқармасының басшысы:

– Егер адам жылдамдықты асырып, саналы түрде өз өмірін қатерге тіксе, онда қайтыс болған кезде дәрігерлер туысқандарынан несіне рұқсат сұрауы тиіс? Одан да өздері-ақ донор болуға алдын ала рұқсатын бере салғаны дұрыс. Әрине бұл акцияның кезінде донорлардың саны артады демейміз. Керісінше, жолдағы өлім көрсеткіші азайса дейміз. Мұндағы мақсат – донорлық өсиетхат арқылы адамдарға ой салу.

Имре Аиа, көлік жүргізушісі:

– Әрине мұндай шара адамдарды ойландырады. Менің бір досым осындай карта алған, екеуміз де жолда сақ болу қажет деп шештік.

Донорлық карталарды тарату науқаны ай бойына жалғасады. Жалпы Эстония Еуроодақ аймағында айыппұл салу бойынша алда келеді. Мұнда да көліктің жылдамдығын шамадан тыс арттыратындар жеткілікті. Ресми статистика бойынша жүргізушілердің 15 проценті осындай заңбұзушылыққа барады.

Хабар 24 телеарнасы