378.56 423.83 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильде өткен парламенттік сайлаудың алғашқы нәтижелері белгілі болды

  • 111
  • UPD: 09:51, 11.04.2019

 Премьер-министр Бинямин Нетаньяху бастаған Ликуд партиясы ең көп дауыс жинаған. Енді ол жаңа үкімет құрамын жасақтайтын болды.

Сайлаушылардың даусын есептегенде Ликуд партиясы және «Ақ-көгілдір» бірлестігі ұзақ уақыт теңбе тең келе жатқан. Тек таңертең ғана жеңімпаз анықталды. Бір пайызға да жетпейтін айырмашылықпен Ликуд партиясы озып, Биньямин Нетаньяху премьер-министр лауазымын сақтап қалатын түрі бар.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Осыдан 23 жыл бұрын жұбайым Сарамен бірге осы мінбеде алғаш рет тұрғаным әрине естеріңізде. Қазірде де сіздердің арқаларыңызда осында қайта оралдық. Бізді сайлағанда артқан үміттеріңізді орындау үшін оралдық!

Нетаньяхудың басты бақталасы генерал Ганц сайлау нәтижелеріне қапаланған жоқ. Жаңадан құрылып, әзірше ұрандарынан басқа нақты істермен көзге түспеген партиясы үшін парламентте 35 орынға ие болудың өзі - тәуір жетістік. Жалпы Ақ-көгілдір бірлестігі үшін бір миллионнан астам адам дауыс берген.

Бени Ганц, «Ақ-көгілдір» бірлестігінің жетекшісі:

- Осындай қысқа мерзімде осыншама дауыс жинаған партия әлі болған емес. Халық бізге сенім артып отыр. Мен он жылға келдім. Жұмыс бастан асып тұр.

Сайлаудың ресми қорытындысы әскерилер, дипломаттар мен абақтыға қамалған тұтқындардың дауысы саналып біткен кезде белгілі болады. Алайда бұл ірі партиялардың нәтижелеріне әсер етпес. Бәлкім шағын партиялардың бірі парламентке өтуге қажет 5 пайыздық межені асатын шығар. Алайда сайлауға қатысқан 39 партия мен бірлестіктің көбісі парламенттен тыс қалған.

Моше Троп, сайлаушы:

- Мен ризамын, өйткені Нетаньяхуды мықты көшбасшы деп санаймын. Израиль қуатты ел, енді ол одан әрі жақсарып, күшейеді. Ганцтың халықты басқаруға тәжірибесі әлі аз деп ойлаймын.

Ликуд оңшыл көзқарастағы партия саналады. Мақсаты күшті мемлекет пен әскер құру, Иордан өзенінің батыс жағалауын аннексиялау және Америкамен де, Ресеймен де тығыз қатынас орнату. Ақ-көгілдірлер Палестина автономиясынан біржақты кетуді қалайды. Ал өзге тұстарда бағдарламалары ұқсас. Иранға төтеп беру, Израиль қауіпсіздігіне кепілдік болғанда ғана Палестина мемлекетін құруға жол беру. Енді Израиль президенті партиялардың біріне үкімет жасақтауды тапсыруы тиіс. Әдетте бұл ең көп дауыс жинағансаяси бірлестік құзырында болатын іс. 

Авторы: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы