379.19 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сеул маңындағы елді мекендер жаңа технологиялар арқылы дамуда

  • 87
  • UPD: 10:39, 15.04.2019

Сеул маңындағы елді мекендер жаңа технологияларды ұтымды пайдаланып, қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті билік алыс-жақын аудандардың да қала орталығымен бірдей қарыштауын қалайды. Сол үшін 2011 жылдан бастап «Ақылды Сеул» бағдарламасы іске қосылды. 

Оңтүстік Корея табалдырығын аттаған шетелдік қонақтардың басым көпшілігін Сеул қаласы қарсы алады. Мысалы, өткен жылы бұл шаһарда Шымкент қаласының делегациясы болды. Мэрдің кабинетінде олар «Ақылды қала» жүйесімен танысты. Интерактивті тақтаға жолдар мен саябақтағы ахуал секілді тоғыз өлшем бойынша ақпарат түседі. Мониторға тіпті тұрғындардың шағымы, жұмыссыздардың саны мен азық-түліктің бағасы да көрсетіледі.

Чо Ёнг Хён, «Ақылды Сеул» жүйесінің жетекшісі:

– Сеулде 25 аудан бар. Кез келгенін ашып қарасақ, нақты көрсеткіштер шыға келеді. Мысалы, мына жерде су құбырының жүйесін көре аламыз. Сумен жабдықтайтын 6 орталық бар. Олардың жағдайы әр түрлі түстермен белгіленген. Көк түске боялса, жүйенің дұрыс жұмыс істеп тұрғанын білдіреді. Судың сапасын да біле аламыз. 

БҰҰ-ның мәліметі бойынша, Сеул – әлемдегі ең технологиясы дамыған қала. Мұндай деңгейге жетуінің де себебі бар. Шаһарда ақылды жүйенің енгізілгеніне 8 жыл болды. Әуелі қала тұрғындарының барлығына қолданыста болған ұялы телефондарды тегін тарату жобасы қолға алынды. Осылайша әр адам смарт-ситидің тұрғыны болды. Ал сеулдіктер өз ауданындағы жағдайды түзеу үшін қала сайтына керекті ақпарат жіберіп отырған.

Чой Хо Джин, Сеул мэриясының өкілі:

– Шет аймақтарда қауіпсіздік пен жол мәселесі өзекті. Одан бөлек, оқу орындары тапшы. Бұл проблемаларды шешу үшін жолдарды салып, камераларды қойып, білім беру мекемелерін ашу сияқты бірнеше жоспар құрылған. Кез келген өзгертулер халықтың ұсынысы бойынша жасалатын болады.

Қаланы басқару оңайға соқпайтын іс. Ресми дерек бойынша, мұнда 10 млн-нан астам адам тұрады. Ақылды жоба арқылы тұрғындар сеулдің 25 ауданындағы кез келген сайлауда өз дауыстарын онлайын түрде береді. Тіпті әр аудан бәсекеге түсіп, жағдайын түзеп, барынша саяхатшыларды тартуды мақсат етеді. 

Чой Хо Джин, Сеул мэриясының өкілі:

– Әр аудан өзінше ерекше. Мысалы, Йонсан электроника нарығымен танымал, Чамщильді спорттық аудан деп айтуға болады. Ал Каннамда пластикалық ота жасайтын клиникалар көп. Тондумда киім сататын базар бар, Хондэ болса, жастардың ауданы десе болады.

Ақылды жүйе тұрғындарға бюджетін үнемдеуге көмектеседі. Алайда ластанған ауа мәселесі әлі де өзекті. Тіпті қозғалтқышы істен шыққан көліктерді электрокарларға ауыстыру жұмысы да оң нәтиже бермей отыр. Сонымен қатар Сеул баспана, қызмет пен тауар бағасының қымбаттығымен танымал.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы