377.97 423.44 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бразилия билігі денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды арттырады

  • 158
  • UPD: 23:59, 23.04.2019

Бұған Санта-Катарина аймағындағы ауруханалардың мүшкіл жағдайы себеп болған. Мұнда дәрігерлердің ереуілге шыққанына бірнеше ай өтті.

Көбісі жұмысына да шықпай жүр. Мемлекеттік бюджет туралы жаңа заң жобасын таяуда парламент депутаттары қолдап, дауыс берген.

Бразилияның жарқырап тұрған мегаполистерінен сәл алыстасаң, өткен заманға түскендей боласың. Алшақ аудандарда кедейлік пен қылмыс өршіп тұр. Ауруханалар болмағандықтан, халық ата-бабаларынан қалған әдістермен емделеді. Түрлі індеттердің таралуынан тек қайырымдылық клиникалар сақтап тұр. Науқастарды емдеП, жұқпалы ауруларға қарсы екпе жасайды. Тағы бір артықшылығы - қызметіне ақы сұрамайды. 

Рибамар Мартинс, тілші:

- Ізгі істерге де қаржы қажет. Еріктілер жүздеген, тіпті мыңдаған адамды ажалдан арашалап жүр, бәрін тегін істейді. Осы мәселеге үкіметтің назарын аударуға тырысқанымызға бірнеше жыл болды. Ақырында билік осы өтінішімізге құлақ асты-ау.

Бюджет қаржысы ең алдымен қажетті медициналық құрал-сайманмен жабдықтауға жұмсалады. Жедел дәрігерлік көмек беру көліктері мен реаномобильдерді сатып алу қарастырылып отыр. Сондай-ақ қайырымдылық клиникалар дәрі-дәрмекпен қамтылады. Палаталарды жөндеп, коммуналдық қызметтерді төлеуге жәрдемдеседі, дәрігерлердің өздеріне де ақы төленетін болды. Бұл қызметкерлер санын арттыруға бағытталған қадам. 

Уго Рейс, денсаулық сақтау министрлігінің өкілі:

- Бұл расында халыққа арналған заң. Жұрттың көпшілігі үшін медицина қызметтері тым қымбат,  егер оның бағасын арзандата алмасақ, тым болса еріктілерге көмектесу керек.

Әзірше үкімет осындай көмекті тек Санта-Катаринаға жібереді. Ал 2020-жылға қарай бүкіл ел аумағына тарату көзделген. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Бразилияның денсаулық сақтау саласындағы дағдарысқа өсіп кеткен қарыздар мен мемлекеттік шығындарды қысқарту себеп болған. Тегін клиникаларға қаржы жетіспей жатқанда, оған зәру адамдардың саны күн санап артып барады. Жұрттың наразылығынан кейін ел өкіметі жақын арада мемлекеттік бюджетті қайта қарауға уәде берді. 

Авторлары: Анна Орлова, Герберт Рейс

Хабар 24 телеарнасы