378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шереметьеводағы ұшақ апаты: Өрт сөндірушілер неге кеш келді?

  • 166
Шереметьеводағы ұшақ апаты: Өрт сөндірушілер неге кеш келді? Эхо Москвы

Шереметьево әуежайына апатты жағдайда қонып, өртеніп кеткен ұшақ апаты – экипаждың қателігі.

Тергеу дәл осы нұсқаны 41 адамның өмірін қиған ұшақ апатына себеп болуы мүмкін дейді. Мәскеуден Мурманскіге бет алған лайнердің ұшқыштары бірқатар қателік жіберген көрінеді.

Кеше ғана ұшаққа найзағай түсуі немесе радиожүйе істен шығуы мүмкін деген болжамдар айтылғанын білесіз. Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдайда ұшқыш дұрыс басқарса, жолаушыларды аман алып қалуға болатын еді.

«Sukhoi Superjet 100»  бак толы отынымен әрі максималды салмақта жерге қонған. Сол себепті лайнер бірден отқа оранды. Тергеудің басымдық беріп отырған нұсқасы осы. Яғни ұшақ қону жолағына жоғары жылдамдықпен түскендіктен, бірден қона алмай, қалықтап келіп, жерге екі мәрте соғылған. Салдарынан қозғалтқышқа жанармай шашырап, от шыққан. Авиация журналисі Алексей Пивоваровтың да ойы осындай. Оның айтуынша, ұшқыштар найзағайлы аумақтан өтуден бастап бірқатар қателік жіберген.

Алексей Пивоваров, авиация журналисі:

– Найзағай түсіп, ұшақ төбеден өртеніп келді деген дәйексіз ақпарлар. Суперджеттің өртенуіне жоғары жылдамдықпен жерге қонуы түрткі болған. Бактағы отыны тола болғандықтан, қатты соғылу салдарынан өрт шыққан. Радиожүйе істен шықты деген де нұсқалар айтылды. Бұл әрине төтенше жағдай. Бірақ апатты емес. Яғни диспетчермен байланыс үзілсе де, көкте біраз ұшып, бактағы отынды сарқып барып қонуға болатын еді.

Кейін пайда болған мына бейнетүсірілімнен де сарапшы сөзін растығына көз жеткізуге болады. Яғни көріп тұрғандарыңыздай, ұшақ қанатымен жер сызып қонған соң ғана өрт шыққан. Десе де, тергеу амалдары лайнердің автожүйесі істен шығуы да, сондай-ақ ауа райының қолайсыздығы да апатқа әсер етуі мүмкіндігін айтады. Мемлекетаралық авиациялық комитет қазір ұшақтың қара жәшігіндегі жазылған ақпарларды зерттеп жатыр.

Светлана Петренко, Ресей тергеу комитетінің баспасөз хатшысы:

– Тергеу тобы мен мемлекетаралық авиациялық комитет өрттен аман қалған барлық заттарды дәйектеме ретінде тергеуге алды. Қара жәшіктегі ақпарларды анықтау басталды. Нәтижесін бейне және аудиожазбалармен, куәгерлердің берген түсініктемелерімен салыстырамыз. Сол арқылы ұшақта және диспетчерлік бөлімшеде не болғанын анықтаймыз.

Апат кезінде сарапшылардың наразылығын тудырған тағы бір жайт – өрт сөндірушілердің оқиға орнына кеш жетуі. Ұшқыштар радиожүйенің істен шыққанын айтып, диспетчерден жерге қонуға рұқсат сұраған. Бірақ лайнер қону жолағына түсіп, қызыл жалынға оранған соң 2 минуттан кейін ғана құтқарушылар келеді. Негізінде, апатты жағдайда келе жатқан ұшақты құтқарушы, өрт сөндіруші және дәрігерлер күтіп тұруы керек емес пе еді?

Максим Фетисов, аэрофлот компаниясының баспасөз хатшысы:

– Эвакуация жұмыстары 55 секундта жүргізілді. Негізгі норма – 90 секунд. 18 минутта өрт сөндірілді. Ал ұшақтың капитаны – өте тәжірибелі. Ол 6800 сағатты көкте өткізген.

Осылайша түрлі нұсқалар айтылып жатыр. Ал Ресей көлік министрі Евгений Дитрих тілшілердің сұрағына «тергеудің соңына дейін ештеңе айта алмаймын» деп қысқа қайырды. Ал психологтың бақылауындағы апаттан аман қалған жолаушылар мен олардың жағдайына алаңдаған жақындары есеңгіреп қалғандарын айтады.

БЛИЦ:

– Жолдасым маған хабарласып, әуе апатына ұшырағанын айтты. Қатты қорықтым. Қазір ауруханада ем алып жатыр.

– Ұшақтың іші қараңғы болды. Оныншы қатарға дейін қыспақсыз жеттім. Жерге қонған соң, екі минуттан соң далаға шығып үлгердім.

Сыртқы істер министрінің ресми өкілі Мария Захарова да бұл қайғылы оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Ол әлеуметтік желіде түрлі нұсқа айтып, затын алып шыққан жолаушылар мен ұшқыштарды айыптағандарды қатаң сынға алды. Ол Ресей халқын, қандай да бір ақпарды дәлелсіз, дәйектемесіз желіге жүктеуден аулақ болуға шақырды.

Ресейдің Көлік министрлігі апат болғанмен, мұндай ұшақтардың көкке көтерілуіне қарсы еместіктерін жария еткен. Бірақ халық сапасыз ұшаққа тыйым салу керек деп қол жинап жатыр. Оған 135 мың тұрғын қол қойып үлгерген.

Хабар 24 телеарнасы