378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израильде бүркіттер уланып жатыр

  • 86
  • UPD: 15:22, 16.05.2019
Израильде бүркіттер уланып жатыр

Күдік, малға шабуыл жасайтын жыртқыштармен күресте шектен тыс улы химикаттар қолданып жүрген фермерлерге түсіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Әзірге полиция тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ғалымдар бұл шығыннан кейін құстардың саны қайта қалпына келмеуі мүмкін деп алаңдайды.

Алғашқы дабылды экологтар қақты. Олар бүркіттерге орнатылған GPS трекерлердің ұзақ уақыт қозғалыссыз күйде қалғанын байқаған. Ал осы құрылғылар көрсеткен Голан шыңына келген ғалымда бүркіттердің өлігіне тап болған. Зерттеу нәтижелері олардың уланғанын анықтады.

Эхуд Ацуфа, эколог:

- Біз уланып өлген 8 бүркіттің денесін таптық. Тағы біреуі өте ауыр жағдайда, бірақ тірі. Тағы біреуін сәл кештеу ұстадық. Дәл уақытында у қайтаратын екпе жасап, екеуін де аман алып қалдық.

Тірі қалған бүркіттің бірі еркіндікке жіберілді. Екіншісі ветеринарлық клиникада сауықтырудан өтіп жатыр. Полиция қылмыстық іс қозғаған. Ұсталған күдікті – фермер. Экологтардың айтуынша, бұл бірінші жағдай емес, мұндай оқиғалар жиі болып тұрады. Алайда бүркіттердің жаппай қырылуы бұрын-соңды болған емес.

Эхуд Ацуфа, эколог:

- Бұл әзірге тек күдікті жағдай, тергеу жүріп жатыр. Себеп әртүрлі – фермерлер арасындағы жанжалдан немесе шибөрі сияқты жыртқыштардың кесірінен болатын мал шығындарын азайтуға ұмтылу себептерінен болуы да мүмкін. Адамдар ол үшін улы химикаттар тастайды. Оның соңы қандай қатерге әкелетінін олар білмейді. Міне, нәтижесі!

Ғалымдардың есебі бойынша, аз уақытта Голан шыңындағы құстардың тең жартысы қырылып қалды. Бұл талай жылғы еңбектің еш кетуі. Бүркіттердің экожүйедегі орны бөлек. Олар ауру аңдардың көзін жою арқылы тіпті эпидемияның таралуына да тосқауыл бола алады. Алайда ең үлкен қатер – у. Бүркіттермен бірге түлкілер де қырылған. Басқа да аңдар зардап шегуі мүмкін, тіпті адамдар да. Қазір қоршаған ортаны бақылау басқармасы у қолдануды шектейтін және осыған ұқсас оқиғаға кінәліні қатаң жазалайтын арнайы заң қабылдауға ұмтылып жатыр. Ал бүркіт санын қалыпқа келтіру үшін оларды шет мемлекеттерден алып келуден басқа тиімді жол жоқ сияқты.

Авторлары: Ертай Нүсіпжанов, Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы